27.10.2020, 17:10
Оқылды: 278

Көне мазарларды көзіміздің қарашығындай сақтайық

Еліміздің батыс өңірінің барлық аймағынан ХVІІ-ХVІІІ ғасырларда тұрғызылған мазарларды кездестіруге болады. Биіктігі 6-7 метр болатын саман кірпіштен күмбезделіп қаланған мұндай мазарлардың бірнешеуі Аққозы ауылдық округінің аумағында бар.

IMG_0684 (1)

Өлке тарихынан сыр шертетін мазарлар туралы деректерді білу мақсатында Қаратөбе ауданына қарасты Қоржын ауылына бас тіреп, округ әкімі Қоныс Мұқановпен тілдестік.

Аққозы округінің аумағында үлкен көлемде күмбезделіп салынған үш мазар бар, олардың бәрі бір қатарда орналасқан. Ал осындай күмбезді зираттың төртіншісі іргелес Ақтөбе облысының Ойыл ауданы Жетікөл ауылы шекарасында орналасқан. Аталған зираттардың бір-бірінен ара қашықтығы шамамен 5-6 шақырымды құрайды. Бір қатарда орналасқан бейіттердің құрылысында өзара ұқсастық басым. Мұндай мазарларды сол заманда елге құрметті батырларға, билерге, ру басыларына арнап тұрғызатын болған.

Қоржын ауылының солтүстікбатысында 6-7 шақырым жерде орналасқан Досхана бейіті кезінде күмбезделіп, жылқының қылы мен қымызын араластырып құйма тастан салынған деседі. Қазіргі таңда зираттың күмбезі құлаған, қабырғасының жарты бөлігі ғана тұр. Қалған бөлігі мал тұяғымен шиырланып, дөмпеге айналған. Ал бір қатарда жатқан мазарлардың екіншісі – Қоржынның солтүстігінде 7-8 шақырым жерде орналасқан Бораш зираты. Бұл мазардың биіктігі – 5 метр 30 сантиметр. Қабырғасының қалыңдығы – 1 метр 50 сантиметр. Айналып өлшегендегі ұзындығы 12 метр 80 сантиметр болады. Мазар қасында үш бөлікке бөлінген, арабша жазулары көмескіленіп қалған құлпытасы жатыр.

Сапарымызда бізге жол көрсетіп, мазарлар жайлы бар білгенін айтып, көнекөз қариялардан естігенімен бөлісіп Аққозы ауылдық округінің әкімі Қоныс Мұқанов бірге жүрді. Бұл бейіттер туралы деректер жинап, зерттеуге қызығушылық танытып келгендер жөнінде сұрағанымызда Қоныс Ізімұлы:

– Бұрын Кеңес Одағының құрамында болғанымызда көне қорымдар мен құлпытастарды зерттеуге көңіл бөлінбегені баршаға аян. Елді мекендердегі ескі мазарлар турасында білетін көнекөз қариялардан сұрастырып, нақты қызығушылық танытқандар болмады. 1986 жылдары Алматы қаласынан музей қызметкері келген. Округіміздегі мазарларды көруге қызығушылық танытып, бейіттердің басына бармақ болғанымызда орта жолда көлігіміз сынып, жете алмадық. Содан кейін 2013 жылы Алматыдан осындай тарихи ескі нысандарды зерттеумен айналысатын ҚазҰУ-дың қызметкері келіп, мазарларды, құлпытастарды суретке түсірді. Арабша жазуларды оқыту, бейіттердің координаттарын анықтау мақсатында мәліметтерді жазып алған. Соңынан хабарласқанымда «Арабша жазуларды оқи алмадық» деген жауап алдық, – деді округ әкімі.

Бораш бейітіне барып, керекті мәліметтерді жазып алған соң далалық жолмен Өте мазарын бетке алдық. Қоржын ауылының солтүстік-шығысында 12 шақырым қашықтықта жатқан Өте мазары басқа бейіттерге қарағанда жақсы сақталған. Оның биіктігі – 7 метр 30 сантиметр, қабырғасының қалыңдығы – 2 метр, айналып өлшегендегі ұзындығы – 33 метр 50 сантиметр. Бейіттің жанында оюлары бедерленіп, арабша жазулар таңбаланған құлпытас тұр. Мазардың сыртқы бетін жауын-шашын жуып, біраз мүжілген екен. Ішкі бетіне кірген кезде бейіттің қабырғалары үш жерден күмбезделіп ойылып қаланған.

Бұл мазар ел аузында Өте зираты аталып кеткендігі жөнінде Фейсбук әлеуметтік желісіне бейнежазба қалдырғанмын. Жазбаға біраз адам қызығушылық танытқан болатын. Соның ішінде ысық руының өте бөлімінен тарайтын Сейілхан Аманқұлұлы есімді азамат хабарласты. Атырау облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының қызметкері, этноархеолог Сейілхан Аманқұлұлымен телефон арқылы сөйлескенімде: «Мына мазар туралы деректі бұрын білмейді екенмін. Егер мен ойлағандай Өте батырдың мазары болса, ол ұрпағы – мен үшін үлкен жаңалық», – дей келе, Өте ХVII-ХVIII ғасырда өмір сүрген ысық руының батыры болғандығы жөнінде айтып, шежіреден сыр шертті.

IMG_0709

Ысық – Қадырғұлдан Ситек, Самай, Жиен. Жиеннен – Абызмұрат, Самұрат, Баймұрат. Самұраттан – Жақсыбай, Жапалақ, Өте. Өтенің бәйбішесінен – Қылыш, Аққошқар, Бәшек, тоқалы Қызғалдақтан (тананың қызы) – Құмалақ, Бостан, Бәйгел, Асан, Үсен. Қылыштың бәйбішесі Төлебикеден (қалмақтың қызы деседі) – Төлеп, Тобық, Мымсы, Мырзағұл, тоқалы Дәмеліден – Ақмырза, Баймырза, Бармақ, тоқалы Балапаннан – Құлбай, Науша. Қылыштың үш әйелінен тоғыз ұлы болған.

Әңгіме барысында Сейілхан Аманқұлұлы Өтенің батыр болғаны жөнінде Тайпақ жерінде сапарда болғанда Жаманқұдық ауылында тұрған Құттымұрат қариядан естіген аңыз әңгімені айтып берді.

Ертеректе тана руынан шыққан бес батыр жігіт болыпты-мыс. Олардың ай десе аузы, күн десе көзі бар, жалғыз ерке Қызғалдақ деген қарындастары болған екен. Бесеуі де жауырыны жерге тимеген палуан екен дейді. Күштері тасығаны соншама, жүрген жерінің бәрінде төбелес шығарып жүреді екен. Елде оларға тең келетін ешкім қалмапты. Халық аузында олар «Тананың бес тентегі» деп аталып кеткен екен.

Бірде олардың ең үлкені ысықтың Өте батыры туралы естиді. Естігені сол-ақ екен ол: «Мен қалайда Өтемен күресуім керек», – деп жолға шығады. Кең далада келе жатса алдынан жылқы қайырып жүрген бір атты кісі кездеседі. Тананың батыры әлгі бейтаныспен амандасып, жөн сұрасып, өзінің Өте деген батырды іздеп жүргенін, онымен күрескісі келетінін жеткізеді. Сонда оны асықпай тыңдап алған жылқышы жігіт былай депті:

– Солай де, Өтені іздеймін де, оның қайда екенін айтайын. Егер менің бір шартымды орындасаң, – депті-мыс. – Мына тақымымдағы сырықты тартып алсаң Өтенің қайда екенін айтамын.

Тананың батыры сырыққа шап беріп, тартып алам деп біраз тер төккенімен, сырықты ала алмапты. Сонда әбден шаршаған батыр:

– Жарайды, жеңілдім, – деп бейтаныс малшы жігіттің қайратына таң қалып: «Сен кімсің?» – депті.

– Мен – сен іздеген Өтемін, – деген екен. Қайран қалған тананың батыры Өтеге сол жерде:

– Жалғыз қарындасым Қызғалдаққа құда түс, өз қолымнан сендей батырға ұзатсам арманым жоқ, – деген екен дейді.

Жергілікті халық Өте мазары атап кеткен зират туралы нақты дерек жоқтың қасы. Дегенмен біз болжағанымыздай, ысық руынан тараған Өте батырдың зираты екендігі анықталса, көмескіленген қат-қабат тарихымыздың анықтала түсуіне септігі тиері сөзсіз.

Мидай жазық даламыздың төлқұжатындай болып тұрған мазарлар ауданымыздың бірқатар елді мекенінде бар. Сол мазарлардың бүгінгі халі мүшкіл десе де болады. Енді біраз жылдан соң мал тұяғымен тапталып, құлауы да ықтимал. Көненің көзіндей сақталған тарихи нысандар арнайы сол салаға жауапты орындардың немесе аталған тарихи тұлғалардың ұрпағының бастамасымен қоршалса деген тілек бар бізде.

 

Серікбай Хасанов,

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале