21.09.2017, 15:13
Оқылды: 21

Латын әліпбиіне көшу мәселесі талқыланды

Құрамында облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы А.Мыңбаева, Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, филология ғылымының докторы Ғ.Хасанов және аталмыш оқу ордасының филология ғылымының кандидаты Қ.Аронов бар ақпараттық-насихат тобы Тасқала ауданында болды. Олар латын әліпбиіне көше мәселесі бойынша жиын өткізді.


Аудан әкімі С.Әлиевтің төрағалығымен өткен жиынға жергілікті мекеме-ұйым басшылары, ауылдық округ әкімдері және жастар қатысты.

Алдымен мінбеге көтерілген А.Мыңбаева: –  Елбасының «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» мақаласында тәуелсіздік жылдарында еліміздің жеткен жетістіктеріне тоқталып, одан әрі даму жолында рухани бағдарламасы ұсынылған болатын. Аталған мақалада әрбір азаматтың және қоғамның мақсат-міндеттерін атап көрсетіп берді. Ол бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық құндылықтарымызды сақтау, білімнің салтанат құруы және мемлекеттік тіл секілді маңызды нәрселер. Мемлекеттік тілді латын әліпбиіне көшіру маңызды мәселе екенін өздеріңіз жақсы білесіздер. Елбасы ғалымдармен ақылдаса отырып, 2017 жылдың аяғына дейін қазақ әліпбиінің графикасындағы бірыңғай стандарттық нұсқасын қабылдау, жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және мектептерде оқулықтарды дайындау секілді маңызды межелер қойылып отыр», - деді ол өз сөзінде.

Бұдан кейін Ғабит Қайыржанұлы мен Құспан Ғұмарұлы қазіргі қазақ жазуында қолданылып жүрген әліпбиді латын әріптерімен ауыстыру мәселесіне алаңдаушылық тудырып отырғандар да бар екенін айтты. Бірақ бұл болашаққа батыл қадам жасап, елімізді төрткүл дүниеге танытып келе жатқан Елбасының тағы бір маңызды бастамаларының бірі және дер кезінде қозғалған тіліміздің болашағы үшін жасалған ғылыми маңызды шара екенін мәлімдеді. Тәуелсіз елдің негізгі белгілерінің бірі ретінде латын әліпбиінің маңызы өте зор.  Қазіргі кирилл-қазақ  әліпбиіне немесе орыс тіліне теріс қарау деп емес, қайта қазіргі әліпбиімізді халықтың өз еркімен қалап алмаған, кешегі кеудемсоқ жүйенің өктем саясатының әмірімен күшпен таңылған кейбір кірме әріптерден арылып, таза қазақ әліпбиін жасау бағытындағы игілікті қадам екенін баяндады. Латын әліпбиіне көшу, сайып келгенде, ана тіліміздің болашағын ойлап, қолданыс аясын одан әрі кеңейте түсуге мүмкіндік жасайтынын жеткізді.

Е.ЕЛЕКЕНОВ,
Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале