6.10.2017, 15:01
Оқылды: 29

«Латын қарпін қолданудың экономикалық тиімді жақтары да көп»

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында былай деп атап көрсетті: «Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникациялық, сондай-ақ ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты. Мектеп қабырғасында балаларымыз ағылшын тілін оқып, латын әріптерін онсыз да үйреніп жатыр. Сондықтан жас буын үшін ешқандай қиындық, кедергілер болмақ емес.»

Міне, Елбасының осы сөздерінде терең мағына бар. Қазіргі заманда техникалық прогрестің қарқынды дамуы, сонымен қатар дүниежүзілік ақпарат алмасу латын графикасы негізінде пайдалану 70 пайызды құрап отырған жағдайда аталған мәселенің маңызы арта түсетіні белгілі жай.

Сонымен қатар, қазіргі әлемдегі озық отыз елдің жиырма екісі латын қарпін пайдаланады, бүкіл ғаламторды қолданатын адамдардың барлығы дерлік латын әліпбиін біледі. Тіпті ироглифпен жазатын Қытай, Жапония сияқты елдер де өз жазуларымен қатар латын әліпбиін де қолданып келеді.

Көптеген мамандардың пікірінше уақыт алға жылжыған сайын кириллицаны пайдалану техникалық қиындықтарға әкеліп соқтыру мүмкіндігін алға тартады. Қазір халықаралық телеграммалардың, ұялы телефондардың, хабарлардың компьютерлік нұсқалары латынша жазылады, ал оны кириллицаға аударуда да қиындықтар бар. Латын қарпін қолданудың экономикалық тиімді жақтары да көп.

Елімізге келетін шетелдік туристер тіл білмесе де көше, дүкен, мекеме аттарының латынша болғандығын қалайды. Өз кезегінде бұндай жағдай туристердің елімізге көптеп келуіне мүмкіндік беретіндігі түсінікті, экономикаға да оңды әсер етеді.

Жастар қазіргі заманғы технологияны меңгеруге, ғылыммен айналысуға да жете көңіл бөлуге ұмтылуда. Бұның өзі сайып келгенде, латын алфавитін білумен тікелей байланысты екендігі белгілі.

Латын қарпі қазақ халқына да жат емес. Ол 1929 жылдан

1940 жылға дейін қолданылып келді. Бүгінде қазақ тілін латын алфавитіне ауыстыру туралы жұмыстар елімізде қызу қолға алынып жатыр. Бұл бағытта ғалымдар нақты жұмыстар атқаруда.

Алфавитімізді латын қарпіне көшіре отырып, тіліміздің мәңгілік болуына қол жеткіземіз.

Елімізді мекендеген өзге ұлт өкілдері де, шетелдегі қандастарымыз да латын қарпі бойынша мемлекеттік тіл қазақ тілін үйренуге күш салатындығы сөзсіз.

 Нәжім ДӘУЛЕТОВ,

аудандық ақсақалдар

алқасының төрағасы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале