5.12.2019, 19:13
Оқылды: 75

Мәдениет қызметкерінің шығармашылық кеші өтті

Зейнеткерлік жасқа аяқ артқан Бәйтерек ауданы Дариян ауылдық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Михайл Огородников «Душа открыта музыке любви» атты тақырыпта шығармашылық кешін өткізді.

baiterek ogorod (1)

Бәйтеректіктерге танымал Михайл Огородников бір басына жетіп артылатын қуанышы мен қайғысы, қиындығы мен қызығы қатар өрбіген өткен өміріне тәубе етеді. Бастысы – қандай жағдай болмасын, адамдықтан, ардан аттап көрмеген. Оның есімі бүгінде тек ауданымызға ғана емес, облысымызға, елімізге танымал деуге толық негіз бар.

1956 жылы Свердлов облысының Серов қаласында дүниеге келген ол өнерлі отбасында тәрбиеленген. 1982 жылы Шымкент қаласындағы Әл-Фараби атындағы мәдениет институтын тәмамдағаннан кейін әскер қатарына алынады. Келгесін Шымкент қаласындағы «Юность» вокальды-инструментальды ансамблінде ән салып, өнерін шыңдайды. Ал кейін Өзбекстанның Зарафшан қаласында қызмет атқарып жүріп, өмірлік жары Татьяна Огородниковамен танысады. Отбасылы болғаннан бері Дариян ауылындағы мәдениет үйінде табан аудармастан 32 жыл еңбек етіп келеді.

Сонымен кеш шымылдығын қос жүргізуші Ағила Әжімұратова мен Әділхан Қадыров ашып, өнер майталманы М.Огородниковтың шығармашылығы мен өмірі жайында баяндап, көрермен назарына арнайы бейнекөрсетілім ұсынды.

Одан соң сахна төріне кеш иесі шақырылып, зал толы көрермен қол соғып, қошемет көрсетті. Өз кезегінде Михайл Огородников 30 жылдан астам өнер жолында қаншама белестер мен өткелдерден, қиындықтардан сүрінбей бірге өткен, өнерін бағалап, шын ықылас, пейілдерін көрсеткен ауылдастарына, әріптестеріне, кеш қонақтарына шексіз ризашылығын білдірді. Әрі «Берега», «Я ждал» әндерін әуелете шырқап, жиналғандардың ыстық ықыласына бөленді. Сондай-ақ жерілікті «Азия» тобының әншілерімен бірге ән шырқап, кештің шырайын келтірді. Өнер кешінің жұртшылық көңілінен шыққандығы соншалық,  залда ине шаншар орын болмады.

Кеш соңында аудан әкімінің орынбасары Көпжан Тұрлыбеков аудан әкімі Асхат Шахаровтың атынан алғыс хат пен бағалы сыйлық тарту етті. Ал мұнымен қоса, облыстық мәдениет басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиевтың атынан Алғыс хат және сыйлық табыстады. БҚО Халықтар Ассамблеясының орынбасары Вера Шохина ҚР Президенті жанындағы әйелдер ісі жөніндегі халықтық комиссияның орынбасары Елена Тарасенконың құттықтауын жеткізсе, Дариян ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Құлымбетов те М.Огородниктің отбасына ізгі тілегін айтты.

Өнер кешіне жиналған жұртшылық М.Огородниковтің шығармашылығына арналған көрмемен танысып, естелік суретке түсуді де ұмыт қалдырмады.

Гүлжан Аязбаева

Дариян ауылы

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале