Теректі аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысы Сағадат Жолдығалиевтің айтуынша, кейбір шаруашылықтарда жем-шөп тапшылығы болғанмен, мал басында айтарлықтай шығынсыз шыққан. Қазір жауапты кезең – мал төлдету.
Аудан бойынша шаруа қожалықтарында және жеке қолда 49 633 бас ірі қара, 11 911-жылқы, 58 574 қой бар.
Желтоқсанда туған асыл тұқымды «Бақыт» шаруа қожалығында қазір 86 бұзау бар. Ай-аптаға бөліп бағылатын төл күтімі ерекше. Бұл істі кәнігі малшылар Берік Көбешев, Асылболат Таңатаров жауапкершілікпен атқарып жүр.
Жалпы, аудан бойынша 5 881 бұзау, 76 құлын, 5 790 қозы-лақ ілесіпті. Бір аналықтан бір төл алуға келмегенмен, биылғыдай қысар қыстан шыққан мал үшін – жақсы көрсеткіш. «Балапанды күзде санайды» демекші, төл алу науқаны әлі аяқталған жоқ. Мал басын табиғи өсім есебінен еселеп отырған малшы қауым қауырт қимыл үстінде.
Камелия Қарекесова,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram -дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер