23.08.2017, 11:14
Оқылды: 20

Мәжіліс депутаты Шавхат Өтемісов Бөрлі ауданында болды

Депутат Березов пен Бестау тұрғындарына арналған баспаналардың құрылысымен танысып, Ақсай қаласында құрылысы қарқын алған бірнеше нысанды көрді.


Березов пен Бестау тұрғындарына арналған жүз үйдің құрылысы аяқталды. Бүгінде тұрғындар баспананы жекешелендіру құжаттарын рәсімдеуде. Тұрғындардың талап-тілегі ескеріліп, әр аулаға құдық қазылып, қосалқы шаруашылық нысандардың да салынғандығы белгілі. Әр баспанаға шамамен 20 млн. теңге көлемінде қаражат бағытталған.

Жаңадан бой көтерген Аралтал шағын ауданын көркейту жұмыстары қолға алынды. Жуырда 1200 адамға жер телімі берілмек. Баспана құрылысын бастайтын жандарға мұнда газ, су, жарық жүргізіліп, азық-түлік дүкені мен дәріханасы бар бизнес орталықтың құрылысы басталып кетті.

Депутат екі ауылдың халқы үшін салынып жатқан 9 қабатты қос тұрғын жайдың құрылысымен де танысты. Оның әрбіреуі 153 пәтерден тұрады. Қарашығанақ-1 шағынауданындағы құрылысты «Азиятехстрой» және «АТК» компаниялары жүргізуде. Тұрғындар қос үйге қыркүйек айында көшіріледі деп күтілуде. Қазір мұнда ішкі әрлеу жұмыстары қолға алынған.

Жолаушының діттеген жеріне кедергісіз жетуі үшін  сапалы жол салу  - Елбасының жергілікті атқарушы органдар алдына қойған нақты тапсырмасы.   Ауданында бұл  бағытта жүйелі жұмыстар жүзеге асуда. Үстіміздегі жылы аудан бюджеті есебінен 38 шақырым жол қалпына келтіріледі. Халық қалаулысы жергілікті өзін-өзі басқару қаржысы есебінен күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан Бірінші мамыр (Первомайский) көшесінің  және ҚПО компаниясының қаржыландыруымен іске асып жатқан  Цвилинга атындағы көшенің жол жөндеу жұмыстарымен танысты. «Бірінші мамыр көшесінде 960 метр қашықтықтағы жол күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Одан бөлек бұл жобада көшені жарықтандыру жұмыстары мен осы көшеден шығатын жолдарға да асфальт төселетін болады. Бұл жұмыстарға 168 млн. теңге қаралды. ҚПО б.в. компаниясының өңірде іске асқан әлеуметтік жобасы негізінде қаладағы Мәметова атындағы және Железнодорожный көшелерінде жолдар пайдалануға берілсе, Цивиллинга атындағы көшеге асфальт төсеу жұмысы қыркүйек айының соңында аяқталады», -  дейді аудан әкімінің орынбасары Қайрат Өтегенов.

Өңірге келген мәжіліс депутаты  дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысымен танысты. Айта кету керек, бұл нысан ҚПО б.в. компаниясының өңірде іске асқан әлеуметтік жобасы болып табылады. Барлық стандарттарға лайықталып салынған бұл нысан қыркүйек айында аяқталып, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің баланысына берілетін болады.

Ақсайдан соң депутат Жарсуат ауылына ат басын бұрды. Өңірдегі «Жарсуат» серіктестігінің жұмысымен танысып, шаруалардың жағдайын өз көзімен көрді.

                                                                                                                                         Айым Нұрғалиева,

Бөрлі ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале