24.10.2018, 12:43
Оқылды: 46

Мерейліктер көше фестивалін өткізді

Тасқала ауданының Мерей ауылында «Мерейлі мекен - Мерейім» атты көше фестивалі өтті. Фестиваль аясында көше тұрғындары жүн түту, ою ою, астың нанын жазу, арқан есу, асық атудан сайысып, соңы көңілді концерт, жайдары жәрмеңкеге ұласты.

 merei (8)

Көше тойын ұйымдастырған – «Нұр Отан» партиясының ауылдағы бастауыш партия ұйымы, қоғамдық келісім кеңесі және ауылдық мәдениет үйі.

Сайысқа ауылдағы Д.Қонаев, И.Тайманов, А.Құнанбаев, С.Сейфуллин, И.Шалқаров атындағы және Жылысай мен Жеңіс көшелерінің тұрғындары қатысты. Байқау нәтижесінде Абай көшесінің тұрғыны Айман Нүппаева бір шүйке жүнді бәрінен тез әрі сапалы түтіп, «Шебер әже» атанды. И.Шалқаров атындағы көше тұрғыны Аяна Бекеш түр салып текемет оюдан алдына жан салмай, «Өнерлі ару» деген атты иеленді. Оқтауды зыр жүгіртіп нан жайған С.Сейфуллин атындағы көше тұрғыны Айдана Шарипова «алғыр келін» атанса, Д.Қонаев атындағы көше тұрғыны Бекжан Исағалалиев арқан есуден озып шықты. И.Шалқаров атындағы көше тұрғыны Мұрат Болат асық атудан ешкімге дес бермеді. Жүлдегерлердің бәріне ауылдық мәдениет үйі шағын сыйлық табыс етті.

Осы шара барысында елді мекенді абаттандыру, санитарлық тазалығын қалыптастыру, тұрғындардың белсенділігін арттыру мақсатында ұйымдастырылған «Таза көше», «Үздік аула» байқауы қорытындыланды. Байқауға 12 аула қатысып, «Таза аула» аталымына Б.Бейсембиев (Жеңіс көшесі), А.Бакишев (А.Құнанбаев атындағы көше), А.Тулақбаев (Д.Қонаев атындағы көше), А.Құлмәлиева (С.Сейфуллин атындағы көше), Ә.Жарылғасова (С.Сейфуллин атындағы көше) ие болды. «Бақшалы аула» аталымын В.Наботова (Жылысай көшесі), Б.Тоғжанов (И.Шалқаров атындағы көше), «Гүлді аула» аталымын М.Тәшімова (И.Тайманов атындағы көше), Х.Рахимбердин (Д.Қонаев атындағы көше) иеленді.

Ауласын абаттандырып, айналасын таза ұстап, бау-бақша өсіріп, өзгелерге үлгі болып отырған И.Тайманов атындағы көшенің тұрғыны Назип Шамилұлы Рахимбердин ауласы ең үздік деп танылып, І дәрежелі «Үздік аула» аталымына ие болды. Ал Абай Құнанбаев көшесінде тұратын Бөкенбай Ниязғалиев пен Хадиша Иманқұловалар тиісінше ІІ-ІІІ дәрежелі «Үздік аула» атанды. Бұл тұрғындардың ауласына арнайы белгі орнатылды.

- Мұндай байқау енді жыл сайын дәстүрге айналады. Ауылдастарымды тазалық сақтауға, сәнді де мәнді тұрмысқа шақырамын, - дейді Мерей ауылдық округінің әкімі Мэлс Нәріков.

merei (2) merei (5) merei (7)

Ғани ҚАЛМАХАНОВ,

Тасқала ауданы,

zhaikpress.kz

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Instagram және Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале