18.07.2019, 18:22
Оқылды: 338

Мерзімі өткен жобалық сметалық құжаттаманы кері жасақтамай, бағасына түзету енгізуді ұсынды

Бұл мемлекеттің қаржысын әрі уақытын үнемдеуге үлес болар еді» дейді сырымдық ақсақалдар. ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Е.Мұқаев пен Н.Төреғалиев Сырым ауданындағы жұмыс сапарлары кезінде ауыл ақсақалдары және шаруалармен, округ әкімдерімен жүздесті. Жүздесу «Nur Otan» партиясы филиалының ғимаратында өтті.

dav

Сырымдықтар сенаторлармен болған кездесуде бірқатар мәселелерді көтерді. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әнуарбек Ғалымовтың көтерген мәселесі тек Сырым ауданының ғана емес, елдегі барлық қарияларға ортақ:

- 1938 жылдан бастап туылған ардагерлерге шипажайда демалу мүмкіндігін қарастыру керек. Заңға өзгеріс енгізілсе деген ұсыныс айтамыз,- деді ол. Аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі Сыдық Тажмұқан несие мөлшері бойынша төмендетілген несие берілсе, несиелендіруге дифференциация жасау, сонымен қатар жобалық сметалық құжаттаманың мерзімі өтіп кеткен жағдайда, жобаны кері жасақтамау үшін тек қана бағасына түзету енгізу мәселесін айтты. Бұл мемлекеттің қаржысын әрі уақытын үнемдеуге үлес болар еді.

Осыған дейін аудан шаруаларының ұсынысымен, өңір басшылығының қолдауымен Өлеңті суару жүйесі қалпына келтірілгені белгілі. «Мүтір» шаруа қожалығы - жүйенің игілігін көріп жатқан шаруашылықтардың бірі.

- Жүйенің қалпына келтірілуін сәтті жүзеге асқан жоба деп бағалаймын. Далалық су – ауылшаруашылық саласының тамырына қан жүгіртеді. Мен осы суды сауатты пайдалану туралы ұсыныс айтамын. Жүйенің бойында 6 шүмек бар. Әрбір шүмекті қадағалайтын жауапты маман керек, – деген ұсыныс айтты қожалықтың жетекшісі Жеңіс Шапешов.

Ал, аудандық мәслихаттың депутаты Серік Тоқмамбетовтың көтерген мәселесі ауыз су жөнінде болды:

- Ауданымызда Тоғанас-Аңқаты-Құспанкөл, Қосарал-Жетікөл ауылдарына су жүйесін жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Аталмыш 2 жобаға 200 млн.теңге қаржы бөлінді. Аталмыш жұмыстарды аяқтау үшін 700 млн. теңге қаражат керек. Сенаттағы әріптестерімізден қаржы мәселесіне ықпалдасуды сұраймын. – деді Серік Тоқмамбетов.

Облыс бойынша неше түрлі ауыл шаруашылығы саласына несие беретін мекемелер бар. Шаруашылықтар осы мекемелердің игілігін барынша пайдалануда. Ендігі жерде барлық шаруа қожалықтарына бірыңғай несие беретін банк ашу қажеттілігі туындап отыр.

Сырымдықтар сенат депутаттарынан аудан орталығынан 300-400 балаға арналған гимназия салуға ықпал етуді сұрады. Бұл ұсыныс елді мекендердегі үлкен мектептерде оқушылар санының азаюы, ал оларды қамтамасыз етуге Үкімет тарапынан көп қаржы кетіп жатуы салдарынан туындағаны даусыз.

Тұрғындармен кездесуден кейін сенаторлар Жымпитыдағы «Эверест» супермаркетінде болып, маркеттің жұмысымен танысты.

«Эверес» супермаркеті – «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы арқылы жүзеге асырылған кәсіпкерлік жоба. Жалпы құны 57 млн. теңгені құрайтын жобаны жүзеге асырудың алғашқы кезеңдерінде нысанның иелері Мэлс Сапаров пен Медет Кәкімов өздерінің жеке қаражаттарына сүйенді. Кейін мемлекеттік бағдарламаның игілігін пайдаланды.

Халықаралық Самара-Шымкент күре жолының бойында орналасқан супермаркеттің сөресінде 5000-ға жуық тауар түрі бар. Нан, ет өнімдері маркеттің өзінде өндіріледі. Жақында осы нысанның ішінен қосымша «Nan Kebab» кафесі іске қосылды.

Сенат депутаттары супермаркеттегі бағаларға назар аударып, кәсіпкерлерге тауар бағаларын тұрақты әрі қолжетімді етіп ұстауды тапсырды.

"Сырым елі" газетінен

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале