10.07.2019, 17:24
Оқылды: 206

Облыс әкімі Қаратөбе ауданында

Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев Қаратөбе ауданына барды. Өңір басшысы Қаратөбе мектеп-гимназиясында болды. 2010 жылдың қыркүйек айында пайдалануға берілген 300 орындық мектеп ғимаратының жертөлесіндегі жерасты суының көтерілуі мәселесіне байланысты мән-жаймен танысты. Судың көтерілуінен жертөледегі жылу жүйесі құбырларының әбден таттанып істен шыққалы тұрғанын көріп, мектеп ғимаратын салған мердігер компаниянының қатысымен болған жайдың анықталатынын айтты.

 qaratobe (6)

Аудан орталығындағы «Алаш сиезі» өткен тарихи орында орналасқан ескерткіш басында болған лауазымды тұлғалар белгілі журналист, өлкетанушы Қайыржан Хасановтың ұлы Ержан Хасановтың өз қаражатына салынатын музейдің құрылыс жобасымен танысты.

Облыс басшысы Ғали Есқалиев мемлекеттік бағдарламаларға сай жеңілдіктерді пайдаланып, кәсіпкерлік аясын кеңейткен Аққозы ауылдық округіндегі «Ермек» шаруа қожалығында болып, аталмыш шаруашылық жұмысын көрді.

Аталған қожалық жетекшісі Сәкен Ермекұлы шаруашылықта атқарылып жатқан жұмыстарды егжей-тегжейлі әңгімеледі. Округтегі жемісті істер мен қатар өзекті мәселелер туралы «Қоржын» шаруа қожалығының жетекшісі, облыстық мәслихаттың депутаты Құсайын Мұқанов айтып берді.

qaratobe (5)

Шаруашылық басында облыс басшылығымен кездескен шаруа қожалық жетекшілері мен кәсіп иелері өзен жағасына  қолдан тоғандар жасау, қыстаққа электр жарығын тарту, көгілдір отын жеткізу мәселелерімен қатар, қой малына субсидия алу секілді ойларын жеткізді. Облыс әкімі бұл мәселелердің ұсыныс бойынша қаралатындығын айтты.

Аққозы ауылдық округіндегі Жұмағали қыстағындағы Сәкен Жұмағалиевтің иелігіндегі «Ермек» шаруа қожалығында 500-ге тарта сиыр бар. Аталмыш шаруа қожалығы 100 бас абердин-ангусты жергілікті жерге жерсіндіріп, 100 бас қазақтың ақ бас сиырын өсіріп отыр. Былтыр Құмқұдық қыстағынан жаңа үй салдырып, екі құдық соқтырып, желден және күн көзінен қуат алып, электр жарығын өндіретін құрылғы орнатқан. Қожалықта ауылдың он шақты азаматы жұмыс жасайды.

Ерболат Райсов,

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале