10.08.2018, 9:17
Оқылды: 36

Облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев Тасқалада

Жұмыс сапарымен Тасқалаға табан тіреген облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев жаңадан бой көтеріп жатқан құрылыс нысандарын аралады.

Азбаев Тасқалада (3)

         Қазақстан ауылдық округінің Атамекен, Алмалы және Қалмақшабын ауылдарының су құбырларын қайта құру нысаны биыл қолға алынған. Аталмыш құрылыс жұмысына «Газстрой» ЖШС жауапты. «Ақ бұлақ» бағдарламасы арқылы іске асқан жобаның құны 282 402 142,4 теңге құрайды. Аталмыш жұмыспен жіті танысқан Бағдат Оразалдыұлы өткен қателіктерді қайталамай, қыс мезгілінде туындайтын қиындықтардың  алдын алуды тапсырды.

         Мұнан соң «Амангелді ауылының су құбырын реконструкциялау» нысанында болды. Өткен жылы аталмыш бағдарлама аясында қолға алынған нысанға биыл өзгерістер жасалған. Жалпы құны 291 млн 200 мың теңгені құрайтын жұмыстың бас мердігері - «Құрылысгаз» ЖШС.  Жақында ғана бар жұмысты тапсырған мердігерлер қызметіне оң баға берді.

         -Мемлекеттік жобалардың жүзеге асуы қатаң бақылауда болуы шарт. Жауапкершілігіне алған жұмысты мердігердің уақытында әрі сапалы жасағаны жақсы. Өңірімізде су айдайтын мұнаралар салынғанмен көпке шыдамайды. Жұмыстың «қалай болса солай» жасалғандығында. «Амангелді ауылының су құбыры» нысаны төмен жерде орналасқан. Биік жерге салғанда судың да қуаты жақсырақ болар еді. Жоба құрар кезде қателік кеткенін байқап тұрмыз. Ал мердігерлер жұмысы көңіл қуантарлықтай, - деді Б.Азбаев.

         Биыл «Тасқала ауылында бір қабатты әкімшілік ғимараттың құрылысы» нысанына бөлінген 30 млн. 165 мың теңге қаражат бүгінде толықтай игерілген. «Алатау–Альдан–Агро» ЖШС-нің қарамағындағы жұмыс сырт қарағанға қарқынды көрінеді.

«Нұрлы жер» бағдарламасымен биыл екі нысанның құрылысы басталғанын қуана жариялаған болатынбыз. Соның бірі – аудан орталығында бой көтеріп келе жатқан үш қабатты көп пәтерлі екі тұрғын үй. Инженерлік инфрақұрылымдары қатар салынатын нысанға 2018 жылға деп бөлінген 107 млн. теңге маусым аяғында толықтай игерілген. Қазіргі таңда бас мердігер «Альтаир» ЖШС қаражат болса жұмысты уақытында аяқтайтынын айтты. Бұдан өзге Тасқала ауылының солтүстік жағында бір қабатты, бір пәтерлі, үш бөлмелі арендалық-коммуналдық 7 тұрғын үй құрылысы жұмысы тексерілді. «КДР» ЖШС-ның жауабындағы құрылыс жұмысы қарқынды болғанмен, қыркүйек айында тапсырылады деген жоспар жүзеге аспай қалуы мүмкін. .

Әсемгүл БЕКЕШЕВА,

Тасқала ауданы

Азбаев Тасқалада (2)

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале