1.07.2019, 17:31
Оқылды: 131

Оқушылар Түркістанға саяхаттады

Ақжайық ауданындағы Жаңабұлақ мектебінде былтырдан бері «Туған елге тағзым!» әлеуметтік тарихи-өлкетану жобасы жұмыс жасап келеді.

IMG-20190623-WA0017

Жоба бойынша аймағымыздың тарихи жерлерінде болған оқушылардың үлкен тобы сапар аясын кеңейтіп, жуырда Түркістан қаласына саяхатқа барып келді. Бұған мектепті бітіргендеріне 50 жыл толған түлектер демеуші болды.

Олар мұғалімдермен бірге алдымен Арыстанбаб кесенесі мен мешітіне барды. Осында орналасқан бақтан Қожа Ахмет Ясауидің ғұлама сөздерін оқып, ойға шомды.

Сосын Отырыр қалашығына жол тартты. Оның оңтүстік-батыс жағында жұма мешіті орналасса, солтүстік-шығыс жағында тұрғын жайлар салынған. Кіріс қақпасының екі жағында мұнаралар орнатылған.

- Ашық аспан астындағы тарихи музей ежелгі қалаларды көз алдымызға елестетті. Ертедегі өркениеттің талай мысалына қанықтық. Гауһар ана мазарынан да зор әсер алдық.

IMG-20190624-WA0221

Екінші күні Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде болдық. Жан-жақтан кесенені тамашалаушылар көптеп келген екен. ХІІ-ХІV ғасыр құрылыс нысанында ас бөлмелері, құдықхана, намазхана, Үлкен Ақсарай, тағы басқасы бар. Электронды тақтадан келушілер бұл тарихи нысан жайында сенсорлы түрде өздеріне қажетті мәліметтерді ала алады. Атақты тайқазанды көріп, құрылыс ерекшелігімен, жасалу жолымен таныстық, - дейді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Асыл Аманғали.

Түркістан қаласынан солтүстікке қарай 55 шақырым жерде, Қаратаудың етегінде орналасқан Үкаша ата мазарына барған. Үкаша ата Мұхаммед Пайғамбардың сахабасы, мұсылмандардың әскери қолбасшысы болған адам. Бұл кісі шапса қылыш өтпейтін, атса оқ өтпейтін қасиет дарыған алып денелі,батыр болған.

IMG-20190623-WA0237

Саяхатшылар үшінші күні ХV-ХVІ ғасырлардағы ерекше құрылыстың бірі болып саналатын Түркістан моншасының ішін аралап, тазалық бөлмелерін көріп, гигиеналық ыдыс-саймандармен, бұлар жасалған металл құрамының ерекшелігімен танысқан. Бұл моншаның ғажабы – қабырғалары жылуды ұзақ сақтап және аздаған отынға жылына кетуінде екен. Бұның құпиясы әлі күнге ғылымға белгісіз. Кезінде зияратшылардың дәрет, ғұсыл алуы үшін салынған. Монша 1975 жылға дейін жұмыс жасап келген. Кейін музей ретінде қызмет атқара бастаған.

«Қылует» жер асты мешіті жартылай жер астында орналасқан төрт бұрышты бөлме, бес күмбезді құрылыс. Мұнда негізінен ғұрыпты құлшылықтың біріне жататын «зікір» ғибадаты орындалған.

Сонымен қатар оқушылар Түркістан тарихи музейінде болып, атақты тұлғалар туралы білгендерін толықтырды. Олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановтың марапаттарын тамашалап, оның атына берілген көшені аралады.

Бекем Бекұлы,

Ақжайық ауданы,

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағыпарақшамыздан және Telegramарнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале