18.10.2017, 17:45
Оқылды: 36

Оралда 4 мектептің құрылысы аяқталады

Батыс Қазақстан облысының орталығында Ұлттық қор  есебінен 4 мектеп салынуда. Екеуінің құрылысы белгіленген мерзімінен ерте аяқталмақ. Облыстық мәслихаттың «Нұр Отан» партиясының фракциясы жанындағы әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту комиссиясы құрылыс нысандарын аралады.

– Биыл «Нұрлы жол» мемлекетік бағдарлама ауқымында бой көтерген 4 мектеп пайдалануға берілмек. Комиссия мақсаты – білім нысандарын салуға бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуын қадағалау. Облыста ғимараты апатты деп танылған және үш ауысымда оқитын мектептерді жаңғырту аса маңызды. Мәселен, «Альтаир» ЖШС 951 миллион теңгеге Орал қаласында 300 балаға арналған №4 мектеп құрылысын жүргізуде. Қазіргі уақытта аталған мектеп оқушылары №26 мектепте білім алуда. Білім нысанының құрылысын жеделдетіп жүргізу арқылы оқу үдерісінде туындаған қиындық күрмеуі оңынан шешілері сөзсіз, – деді «Нұр Отан» партиясының фракциясы жанындағы әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту коммиссиясының төрайымы, мәслихат депутаты Льяна Тұрсынова.

Қазіргі уақытта төрт қабатты №4 мектептің ішкі құрылыстары және кабинеттерге жабдық орнату мен жиһаздарын құрастыру жүргізілуде. Құрылыс учаскесінің басшысы Максим Азаров 100-ден жұмысшы қызмет етіп жатқанын айтты. Мектепте мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған лифт пен пандус орнату қарастырылған. Білім ордасы аумағында футбол мен волейбол, баскетбол алаңдары салынған.

Льяна Тұрсынованың айтуынша, бұған дейін комисия бақылауы барысында құрылыс жұмыстарында мамандар жетіспеушілігі, қосымша техникалардың қажеттігі анықталған. Мемлекеттік сатып алу рәсімдері ерте ұйымдастырылып, құрылысты уақтылы бастауға, сонымен қатар, техникалық бақылаушының жергілікті мамандардан болуы да білім нысандарын салуды ұдайы назарда ұстауға мүмкіндік берген.

«Альтаир» ЖШС Орал қаласы маңындағы Деркөл кентінде 600 балаға арналған мектептің де құрылысын қолға алған.

– Биыл білім нысанынының құрылысына бөлінген 1 млрд. 50 млн. теңге көлеміндегі қаражатты игердік. Жыл соңына дейін біздің компанияға қалған 370 миллион теңге берілсе, мектеп құрылысын аяқтаймыз. Бұл нысанның жобасы Орал қаласындағы басқа білім ордаларынан өзгеше. Мектеп аумағы кең. Балаларға арналған екі спорт зал салынды. Оның біреуі бастауыш сыныптарға арналған. Жертөледе тир орналасқан. Жасанды төсенішпен салынған футбол алаңы мен резеңке жабын төселген жүгіру жолағы бар. Қазіргі уақытта мектеп аумағын абаттандыру жүргізілуде. Соңғы уақытта жауын-шашын қиындық  тудырғанымен, мектеп аумағының біраз бөлігін асфальттап үлгердік, – деді серіктестіктің құрылыс бойынша директоры Нұрлан Қуанғалиев.

Облыстық құрылыс басқармасының бөлім басшысы Ақжол Оқасовтың айтуынша, Деркөлдегі мектеп құрылысының жобасын алматылық компания  жасаған. Соның салдарынан білім нысаны салынған кезеңде жобаға өзгерістер енгізуге тура келген. Осы жоба негізінде инфрақұрылымдардың көбі еліміздің оңтүстік өңірлерінде салынған екен.

Айта кетейік, биыл Батыс Қазақстан облысында «Нұрлы жер» бағдарламасы ауқымында 12,8 млрд. теңгеге 43 жобаны жүзеге асыру көзделген. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша Ұлттық қордан бөлінген 16,4 миллион теңгеге 15 жоба іске қосылған. «Альтаир» қолға алған екі білім нысанынан бөлек,  3 млрд. теңгеден астам қаражатқа «Алтим» мен «СВ плюс» компаниялары Деркөл кенті мен Зашағандағы Сарытау шағынауданында мектептер құрылысын жүргізуде.

Нұртай Алтайұлы

Суреттерді түсірген автор 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале