21.11.2017, 12:10
Оқылды: 48

Сағынғали Сейітовке арналған поэзия сағаты өтті

IMG_7902Ақжайық ауданының орталығы – Чапаевта қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Сағынғали Сейітовке арналған поэзия сағаты өтті. 20 қараша – ақынның 100 жасқа толған туған күні. Аудандық кітапханада орналасқан ақын ескерткіштің жанына жиналған жұртшылық оның рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.

Ақын Сағынтай Бисенғалиев жүргізген поэзия сағатында аудан әкімінің орынбасары Тілек Ғабдушев сөз сөйлеп, С.Сейітовтың мерейтойына арналып өткізілген ірі-ірі іс-шараларға тоқталып өтті. Бұл ауқымды шаралар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласына үн қосқанын, ақын есімін ұлықтаудағы үлкен іс екенін тілге тиек етті.

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын Тілес Жазықбай ақын жырларына шолу жасап, туған жер, өлмес өлең, өшпес даңқ хақында толғамдарын ортаға салды. Айару Зәкәрия, Гүлзер Ибатова, Айару Әділ, Меңдібике Меңдешова, Әсем Ибрашева, Мәдина Аманова сынды жас оқырмандар және мәдени-демалыс орталығының қызметкері Сейілхан Ыбырайымов С.Сейітовтың түрлі тақырыптағы жырларын жатқа оқыды. Айта кетейік, Сағынғали Сейітовке арналған поэзия сағатын өткізу жыл сайынғы дәстүрге айналмақ.

Рахмет ҚАЛИ

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале