18.06.2020, 11:32
Оқылды: 3327

Сайқында жол құрылысы материалдары талан-таражға түсуде

Сайқындықтар ашкөздіктерін тағы да анық байқатты. Биылғы наурызда вагоннан төгілген тегін бидайға қарық боп қалып едік. Тегін дүниеге таласқан бөкейліктер әкімдіктегілерден де, шенділерден еш именбеді. Ресейден келген жұмыс тобы – сырт көзді де, олардың «жұмысымызға кедергі келтіріп жатырсыз» деген ескертуіне де еш пысқырмаған еді.

Tas

Жол құрылысы басталғалы, қажетті материалдар теміржол арқылы жеткізіліп жатқаны белгілі. Енді сол вагонмен жеткізілген шағыл тас, қиыршық тас пен топырақ аралас қоспаны тегін алуға жанталасып жатыр.

-Қиыршық тас емес, алтын тас сияқты жанталасып, вагонның астына түсіп жатқан ауылдастарымның тірлігі ұят нәрсе. Сайқын басынан талан-таражға салып, тасып алып жатырмыз. Күні ертең жол сапасына «асфальты жұқа екен» деп сын айтамыз. «Ғасыр күткен жол, бір-екі жыл бұрын Президент бастама болған жолды әлі салмай жатыр», «өнбей жатыр» деп әлеуметтік желілерге жазып, азаматтық белсенділік танытады. Ал тірліктері мынау... Айтарға сөзім жоқ, – дейді тұрғын үй, коммуналдық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бисенбек Насимоллин.

– Жол құрылысының материалдарын талан-таражға салуға болмайды. Ол бір адамның аула жолын жасауға әкелініп жатқан дүние емес. Ғасыр күткен жол құрылысына әкелініп жатқан материал. Сұрау болады. Полиция бөліміне қатаң қадағалау тапсырылды. Тегін дүниені қармап қалғысы келгендер қолға түссе, аямай айыппұл төлеу, суретімен басылымға беруді талап еттім. Полицияға бақтыру да ұят нәрсе негізі. Теміржолмен тасымалданған материалды күзету олардың міндеті емес. Азаматтық ар-ұятымыз, намысымыз жетпей жатса, басқа қыларға амалымыз жоқ, – дейді аудан басшысы Нұрлан Рақымжанов.

Tas2

«Сайқын халқының әуелден әдеті осы. Кеңес кезінде көмірге таласатынбыз осылай. Теміржолмен келгеннің бәрін тегін дүние көріп, алып қалуға жанталасатын болармыз. «На халяву и уксус сладкий», – дейді байырғы тұрғынның бірі. Шынымен де, соқыр инстинкт пе?

Қара қазандағы қара судан сен де аласың суды, мен де аламын бір ожау, ол да, олар да бір ожаудан алады. «Алғанымыз бар болғаны бір-ақ ожау!» дейміз ежірейіп. Сол бір ожаудан қазандағы судың азаярын түсінсек екен қой, шіркін.

Ұлпан Әнуарқызы

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

 Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале