26.10.2017, 16:33
Оқылды: 27

Туған жер төсінде түлектер жиналды

Қаратөбе ауданына қарасты Егіндікөл ауылдық округінде «Туған жер» бағдарламасы аясында жерлестер форумы өтті.

Меймандар алдымен Ұлы Отан соғысынан оралмаған боздақтарға арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.

- Аудан бойынша «Туған жер» бағдарламасы бойынша көптеген жұмыстар атқарылуда. Егіндікөл ауылы - тарихи орындардын мекені. Олай деп айтуымның себебі, ауылдың іргесінде мөлдір бұлақ, Аққұм қорығы, Құныскерей үңгірі, алқабы нулы орман т.б. жерлер бар. Құтты өлкеде үздік оқыған оқушыларға Құрманғазы Қараманұлы, Мәлік Шәлменов сынды ел ағалары шәкіртақы бөліп, тоқсан сайын беріліп келеді. Бұл дегеніміз - туған жерге деген сүйіспеншілік, патриоттық сезім, - деді аудан әкімі аппаратының басшысы Жасұлан Сұлтан.

Кейін меймандар Егіндікөл жалпы орта білім беретін мектеп мұражайын аралап, жәдігерлермен танысты.

Аталмыш бас қосуда мектеп директоры Ақмарал Мұқанова сөз сөйлеп, мектеп тыныс-тіршілігін баян етті. Ал Егіндікөл ауылдық округінің әкімі Абат Зейнуллин өз сөзінде ауылдық округте атқарылған жұмыстарға тоқталып, әлеуметтік-экономикалық жағдайды саралап жеткізді.

Жерлестер форумы соңында ауылдық округ әкімі Абат Зейнуллин келген қонақтарға ризашылығын білідіріп, алғыс хат табыстады.

 

Тоты ЕСҚАЙЫРОВА,

Қаратөбе ауданы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале