28.05.2020, 10:19
Оқылды: 56

Шыңғырлауда Бекзаттың бұйымдары сұранысқа ие

Мемлекеттің басты қозғаушы күші жастар десек, сол жастардың өзін-өзі жетілдіріп, кез келген салада білімін дамытуға елімізде ерекше жағдай жасалып отыр. Тек бағытыңды бағдарлап, арманыңды ақиқатқа айналдырам деген талпынысың болса болғаны. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз де жас болса да үнемі ізденісте жүріп, өзін-өзі жетілдіруге қызмет етіп келе жатқан жас кәсіпкер. Ол - Бекзат Сембиев. 

C6664F04-E9CE-41AC-9674-F691B0BED402

«Мен 1998 жылы Қотантал ауылында дүниеге келдім. Кейін отбасым сол жылы Ақбұлақ ауылына көшіп келген. Отбасымда кенже баламын, өзімнен үлкен әпкем бар. Тасмола орта жалпы білім беретін мектебіне оқуға қабылданып, оны 2013 жылы тәмамдадым. Мектепте оқып жүрген кезімнен-ақ сурет салуға ерекше әуес болдым. Түрлі тақырыпта салған суреттерім республикалық «Айгөлек» балалар журналында жарияланып тұратын. Ол оқушы бала үшін үлкен абырой ғой. Одан жоғары сыныптарда информатика пәніне ерекше ықыласым оянды. Компьютердің мүмкіндігін пайдаланып, түрлі дизайндар жасауға қызықтым. Бүгінгі менің кәсібіме сол қызығушылығым ерекше себеп болды десем, жөн болады»,- дейді кейіпкеріміз жылы шырай танытып. 

9D7D2B88-8E60-4AC4-BD66-E22DFE061338

Техникаға, информатикаға деген бала кезгі бейімі өсе келе Бекзатты Орал қаласындағы педагогикалық колледждің техник-программист мамандығына жетелейді. Мамандық бойынша білімін үздіксіз жетілдіруді ойлаған Бекзат колледж қабырғасында оқып жүріп те, түрлі дизайндар жасап, қабілетін шыңдаумен айналысады. Оқуды бітіре сала аудан орталығына келіп, «ИП+» мекемесіне жұмысқа орналасады.  

B3C799AD-8617-41E9-BB57-3DA0E6BDC1D3

«ИП+» мекемесінде жұмыс жасап жүріп мен колледжде алған білімімді іс жүзінде пайдалана бастадым. Жұмыс барысында қағаз шығару, картридж толтыру, канцелярлық тауарларды сатудан бөлек, келген әр тұтынушыға жедел әрі сапалы қызмет көрсетіп, көптің көңілінен шығу да үлкен тәжірибе болды мен үшін. Үш ай жұмыс жасағаннан кейін күзде әскер қатарына шақырылып, Алматы қаласында бір жыл әскери борышымды өтеп келдім. Келе сала бұрынғы жұмысымды қолға алып, сүйікті ісімді қайта жалғастырдым. Бірақ өзіме-өзімнің көңілім онша тола қоймады. Ұдайы бір кәсіпті жасап меңгерген адамның үздіксіз білімін жетілдіріп, жаңа дүниелерді үйреніп отыруы қажет деп есептеймін. Әйтпесе алға жылжу болмайды. Осы мақсатта өзімнің қабілетімді дамыту үшін 3-4 ай Оралдағы беделді «Ерсұлтан» фотосалонына сұраныспен жұмысқа орналасып, маған таңсық жаңа дүниелермен шұғылдана бастадым. Ол кездер менің кәсіби дамуымдағы жаңа кезең болатын. Шынымды айтсам, жалақымның аздығы мені онша алаңдата қоймады, мен үшін маңызды болғаны түрлі техникаларда жұмыс жасап үйрену. Мақсатыма жеттім де. Кейін ауылға оралып, қолға алғалы отырған жұмысымды зерделей келе «Атамекен» бизнес бастау жобасы бойынша оқып, қайтарымсыз грантқа ие болдым. Сөйтіп, гранттан ұтып алған қаражатым бар, жұмыс жасап жиған-тергенім бар, бәрін қосып керек-жарағымды, техникалық құралдарымды алып, артылғанын арендаға жұмсап өзімнің жеке кәсібімді аштым. Қазір түрлі жарнамалық маңдайшалар, әртүрлі өлшемдегі баннерлер, винзельдер, бонбоньерлер, кружкалар мен футболкаларға арналған жазбалар, т.б. көптің қажетіне жарайтын қызметтер көрсетеміз»,-дейді Бекзат ағынан жарылып. 

Бекзаттың жары Малика да информатика саласының маманы. Күйеуінің қашанда қасынан табылып, өзара ойларын ортаға салып, бірлесіп жұмыс жасауды екеуі қашаннан әдетке айналдырған. 

«Жеке кәсіппен айналысу біздің үйленбей тұрып, қыз-жігіт болып достасып жүрген кезден бергі арманымыз болатын. Болашақта бүйтеміз, сүйтеміз деп қиялға қанат бітіріп, жоспар құратынымыз әлі есімде. Аллаға шүкір, арман бізді адастырмады. Отбасы болғаннан бері күйеуім екеуміз кез келген жұмысты бірлесіп жасаймыз. Мамандығым информатика пәнінің мұғалімі болғанмен алғашқыда дизайн жасауға икемім көп келе бермейтін. Жолдасымның берген кеңесіне, ұқыптылықпен үйретуінің арқасында игеріп алдым. Жұмыс барысындағы менің міндетім - клиенттің талғамын ескеріп тапсырыстарды қабылдау, соған сүйеніп түрлі дизайндар әзірлеу. Ауқымды дүниелерді жолдасым өзі жасайды. Мен қолымнан келсе, көмектесіп отырамын. Бекзат қашан да жұмыстың жеделдігіне ерекше көңіл бөледі. Қанша шаршап тұрса да, күнімен-түнімен жасап, тапсырысты аяқтап барып демалады. Сол тәртіпке мен де үйреніп алдым»,- дейді Малика. Жастардың салмақты әңгімесін тыңдап отырып Француз жазушысы Экзюперидің «Махаббат қос ғашықтың бір-біріне қарауы емес, екеуінің бір бағытқа қарауы» деген салиқалы сөзі осы екеуіне қарата айтылған ба деп қаласыз. 

Бүгінде Бекзаттың жасаған жұмысына көңілі толып, үнемі тапсырыс берушілердің де қарасы аз емес.  

«Перзентханадан кіндік қызымызды шығарып алатын болып, ойға ой түсіп ертең кетеміз деген күні мерекеге арналған атаулы футболкаға Бекзатқа тапсырыс бергенбіз. Тапсырысының көптігіне қарамай, келісілген уақытта бұйымтайымызды орындап, тапсырысымызды әзірлеп берді. Жұмысының сапасы да көңілден шықты, бағасы да қолжетімді»,-дейді кейіпкеріміздің қызметіне риза болған Айгерім Даулетова.  

Айгерімнің сөзін Руслан Сагидулов та қостайды: «Жас болса да Бекзаттың жұмысты жауапкершілікпен жасайтыны қуантады. Шығармашылдығы да ерекше. Мерейлі датаға байланысты баннерге тапсырыс беріп, жұмысына ерекше риза болдық. Материалдың дизайнын алдын ала жіберіп, ақылдасып отырады. Қызмет көрсету деңгейі де жоғары. Бекзаттың алдағы қызметіне сәттілік тілеймін»,- дейді ол шын жүректен.

«Алға қойылған арман адамды алысқа жетелейді. Мен оны расымен сезіндім. Бала кезімде «Болашақта өзіме-өзім қызмет етемін» деп армандайтынмын. Міне, сол арманым бүгінде ақиқатқа айналды. Өзім қатарлы жастарға айтарым: «Мақсаты жоқ адам, мақсаты бар адамға қызмет етеді». Сондықтан кез келген адам алдына мақсат қойып, соған жету жолында аянбай еңбек етуі қажет. Сонда ғана нәтиже шығады. Бұл менің жеке пайымым»,- дейді Бекзат сұхбат соңында ойын қорытындылап.

Ерінбей еңбек етіп, шаруасын дөңгелетіп отырған Бекзаттың арманға жетем деген жігері көп жасқа үлгі боларлықтай. Алған бетіңнен тайма, Бекзат!

 Самат Байболат,

Шыңғырлау ауданы

 zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале