21.09.2017, 15:09
Оқылды: 29

Сот төрағасы қаратөбеліктермен кездесті 

DSC_0735Батыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы Бек Әметов Қаратөбе ауданында болып, аудан тұрғындарымен кездесті.

Аудан әкімінің орынбасары Сатқан Өмірзақов жүргізген  алқалы мәжілісте облыстық сот төрағасы Бек Әметұлы сот саласының жұмысына тоқталып, аудан тұрғындарының көкейінде жүрген ойларын тыңдады.

Пилоттық жобаның жүзеге асырылуына, дауды сотқа дейін реттейтін медиаторлар қызметінің қоғам үшін маңыздылығына баса назар аударған Бек Әметұлы  тіркелген қылмыстардың дені бүгінгі күннің өзекті мәселесі  болып отырған мал ұрлығына тосқауыл қою мақсатында  атқарылуға тиісті  жұмыстар мен міндеттер турасында өз ойын ортаға салды.

Жиналыс барысында аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Нәжім Дәулетов қоғам өміріндегі медиацияның маңыздылығы мен медиаторлар жұмысына қатысты,  «Қаратөбе әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ажар Берікқалиева медиация жұмысын насихаттау мақсатында қоғамдық ұйымдардың қатысымен аудандық сотта атқарылған ауқымды істер, аудан тұрғындары Халық Наурызалин ашылған қылмыстар турасында, Зинеден Бәуенов тіркелген қылмыстардың дені мал ұрлығына байланысты сауалдарын қойды.

Қаратөбеліктердің сауалдарына байланысты түсінік берген Бек Әметұлы:

- Бүгін өзіңізбен кездесіп, өзара пікір алмасқаныма ризамын. Бірлік пен ынтымақ, ұйымшылдық бар жерде қылмыс та, басқа да мәселелер болмайды. Біздің жұмысымыздың мақсаты – халық арасында көбірек болып, олардың ойын білу, өзара пікір алмасу. Заңдар бойынша түсінік жұмыстарын

жүргізу – деді.

Аталмыш жиынға аудандық соттың төрайымы Бақытгүл Жәңгірова, аудан прокуроры Ғалымбек Мұхитов қатысып, қойылған сауалдарға жауап беріп отырды.

Жиналысты қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Сатқан Ержанұлы сот төрағасы Бек Әметұлына ауданға арнайы келіп, тұрғындармен кездесу өткізіп, заңдылықтар турасында түсінік бергені үшін аудан тұрғындары атынан ризашылығын білдірді.

 

                                                                                                  Ерболат РАЙСОВ,

                                                                                                              Қаратөбе ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале