31.01.2018, 11:14
Оқылды: 114

Сырымдағы кітапханаға Мұқадес Есламғалиевтің есімі берілді

«Сырым аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» мемлекеттік мекемесіне жерлес жазушы, Қазақстан Жазушылары Одағының мүшесі, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Мұқадес Есламғалиевтің есімі берілді. Жымпитыда «Жылдар жылжып өтсе де ел есінде!» атты әдеби кеш өтті.

- Мұқадес Есламғалиев – қазақ әдебиетінің ірі өкілі. Мен жазушының шығармалары тек әдебиеттің әдемі әлемін байытып қана қоймай, қазақ тарихына да қызмет ете беретін құндылықтардың қатарына жатады деп ойлаймын. Себебі, ол – тарихты сөйлеткен адам. Оның есімінің кітапханаға берілуі – үлкен жеңіс. Бұл тарихтың ғана емес, болашақтың да жеңісі! Сырым елінің, оқырман қауымның ұлы жеңісі құтты болсын! – деді салтанатты шараға арнайы қатысқан облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов.

- Мұқадес менің өмірімде адал достың, нағыз қарапайым адамның келбетінде қалды. Әрине, оның бұлдайын десе атағы, айқайлайын десе дардай жазушы деген аты болды. Бірақ ол олай еткен жоқ. Мұқашпен бір кабинетте жұмыс жасадық. Еліне келген талай сапарында бірге болдық. Шамасы келгенше, ол басшылардың құрметтеп күтіп алуына да қарсылық білдіретін. Бүгін оның елінде үлкен тарихи оқиға болып жатыр. Енді Сырым ауданындағы үлкен кітапхана менің досымның есімімен аталады. Бұл – әдебиетке деген құрмет қой. Алдағы уақытта біздерді Сырым елінен Мұқадес Есламғалиевтің еңселі ескерткіші қарсылап тұрса деп армандаймын, - дейді жазушының досы, жұмыстасы Талғат Қарасаев.

Әдеби кеште Сырым ауданы әкімдігінің ұсынысымен дайындалған Гүлжан Абайқызының «Өтелген парыз» деректі фильмінен үзінді көрсетілді.

 Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале