18.09.2020, 9:35
Оқылды: 140

Сырымдық оқушы тәтті торттарымен танымал

Қазіргі жастардың көбі қолы сәл босай қалса, ұлы бар, қызы бар  телефонға телміреді. Пайдалы, игі іспен айналысатындары некен-саяқ. Сүйікті ісімен шұғылданып, онысы өзіне де, басқаға пайдасы тиіп жаста қандай керемет!

Gauxar (5)

Gauxar (1)

Қ.Мырзалиев атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы Гаухар Берікова –  бос уақытында тәтті торттар пісіріп, өзіне де, өзгеге де қуаныш сыйлап жүрген ару.  Оның тіл үйірер тәтті-дәмділері көптің көңілінен шығып жүр. Кішкене күнінен анасы Гүлжанат торт пісіргенде үнемі қасынан табылып, қолғабыс ететін Гаухар бойжете келе, өзі де тәтті пісіруге үйір бола бастады. Бертін келе анасынан дербес тәтті тоқаш пен бәліштерді дайындап, үй ішіне ұсынып жүрді. Жымпитыда тәтті торттарымен танымал болған Айгерім Жантурина, Наргиза Аманқосова әпкелері ынталы жасқа қолдау көрсетіп, қызығушылығын арттыра түсті.

Gauxar (2)

Торт пісіруді жете меңгеріп алғаннан кейін, бір жылдан бері Гаухар Бергенқызы тәттілерін тапсырыспен дайындауға көшті. Жазғы демалыс кезінде күні бойғы уақытын тәттілер дайындауға жұмсайтын Гаухар сабақ басталғалы  күнінің  алғашқы жартысын сабағына, екінші жартысын сүйікті торттарына арнайтын болды.

Gauxar (3)

–  Бір жыл бойына Айгерім әпкем үнемі қолдауын білдіріп, көмектесіп келеді. Ол кісінің шәкіртімін десем болады. Торт пісіруді алғаш қолға алғанымда, отбасым үлкен демеу бола білді. Олардың қолдауы болмаса, осындай күнге жетпес пе едім, кім білген? Торт пісіру – ең сүйікті ісім. Қазір туған күн, мерекелер отбасында тойланып, тортсыз өтпейді. Туған күн иесіне торт тарту ету сәнге айналды. Соған орай тапсырыс берушілер де көбейіп келеді. Мен үшін маңыздысы – торттың қаншаға сатылғаны емес, тапсырыс берушінің көңілінен шығып, разылығын алу. Тәттілерім тұтынушыларға ұнаса – одан асқан қуаныш жоқ. Торттан бөлек, зімбірлі пряник, пирогтар,  шай ішуге арналған тәттілер, самса, пицца пісіріп сатамын. Өзім «Сүтті қыз» тортын өте жақсы көремін, – дейді жас кондитер.

Gauxar (4)

Тәтті тортқа тапсырыс берген адам үшін бірінші сыртқы безендірілуі, екінші тіл үйірер дәмі маңызды. Ал әрі көздің жауын алардай әдемі, әрі дәмі аузыңнан кетпейтін тортты дайындау кезеңі бірінші қамыр құрамының мөлшерін дәл есептеп салу, екінші күлшелерін пісіріп алу, үшінші тортты жинап, сәндеуден тұрады. Осы үш кезеңнің Гаухар үшін ең ұнайтыны – тортты жинап, әдемілеу. Ол әдемі безендірілген өзінің торттарына тамсанып, ұзақ уақыт қарап отыра беруге бар.

Gauxar (6)

Шынар Молданиязова,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале