18.09.2020, 21:08
Оқылды: 35

Тасқалада аудандық мәслихаттың 51-ші сессиясы өтті

Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудандық мәслихаттың кезекті 51-ші сессиясы өтті. Мәслихат депутаты Жарас Жамансариевтың төрағалық етуімен өткен жиынға аудан әкімі Алдияр Халелов, аудандық мәслихат басшысы Сансызбай Рахимов, аудандық мәслихат депутаттары, мекеме басшылары, дербес бөлім басшылары қатысты. Сессия еліміздегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты санитарлық режим талаптарына сай оздырылды. Күн тәртібінде жеті мәселе қаралды.

IMG_3162

Алдымен сөз алған аудан әкімі Алдияр Халеловтің атқарылған жұмыстар бойынша есебі тыңдалды. Күн тәртібіндегі негізгі мәселелерді қозғай отырып аудан басшысы халық игілігі үшін атқарылған жұмыстарға тоқталды.

- Президент Жолдауынан туындайтын тапсырмалар ауданда толығымен уақытылы жүзеге асатын болады. Бұл тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыра түсері сөзсіз. Ауыл – елдің алтын діңгегі десек, ауылдың өркендеуі елдің дамуына өз әсерін тигізері белгілі. Сондықтан, халықтың жағдайын жақсарту бағытында және ауылдық жердегі халықты тұрақтандыру тұрғысында жұмыс жалғаса бермек, -деді аудан басшысы.

Аудан әкімінің жұмысына депутаттар оң баға берді. Сессия барысында аудан әкімі аппаратының технология және мониторинг бөлімінің басшысы Бексұлтан Бисалиевтың Тасқала аудандық мәслихатының 2015 жылғы 18 тамыздағы №33-4 «Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия құрамын бекіту туралы» шешіміне өзгеріс енгізу, аудан әкімдігінің дербес құрамының өзгеруіне келісім беру туралы баяндамасы тыңдалды.

Сонымен қатар аудандық мәслихаттың 2019 жылғы 31 желтоқсандағы №42-2 «2020-2022 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» шешіміне өзгеріс енгізу бағытында аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Людмила Тастамбекованың баяндамасы назарға алынды. Және аудандық жер қатынастары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ақжарқын Зинекешеваның кейбір елді-мекендер шекараларын белгілеу туралы ақпаратын депуттатар бір ауыздан қабылдады.

Аудандық мәслихат аппаратының басшысы Тоғжан Шатенова ауданның «Құрмет» грамотасымен марапаттау жайын ортаға салды. Жиын соңында аудандық мәслихаттың келесі 52-ші сессиясының төрағалығына бір ауыздан №3 Элеватор сайлау округінің депутаты Назым Құрмышева сайланды. Жиын барысында қойылған сұрақтарға тұшымды жауаптар алынды.

Болатбек Сапарғалиев,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале