13.11.2019, 16:57
Оқылды: 227

Тасқаладағы Оян мектебі 60 жылдығын тойлады

Жақында Тасқала ауданындағы Оян мектебінің 60 жылдық мерейтойы аталып өтті. Бұл күні есігін айқара ашқан білім ордасында алыс-жақыннан жиналған түлектер мен ардагер ұстаздар бір-бірімен қауышып, мәре-сәре болды.

 tasqala (1)

Мерейтойға ауылдық округ әкімі М.Таңатжанов, белгілі ақын, аталмыш білім ордасының алғашқы түлегі Айтқали Нәріков, республикаға танымал әнші Қанатқали Қожақов, аудандық мәслихат хатшысы Сансызбай Рахимов, «Ақтілеу» халықтық әжелер ансамблінің жетекшісі Майра Нұрмақова, сондай-ақ ардагер ұстаздар мен қожалық иелері қатысты.

Мектеп директоры  Д.Сейткереев мектептің тарихына тоқталып,  ұжым қызметкерлерінің жеткен жетістіктерін тілге тиек етті. Шара мектеп ұжымынан құрылған оркестрдің орындауындағы «Балбырауын» және  «Тойбастар» күйлерімен жалғасты. Бұл күні сахна төрінде осы мектептен білім алып, аудан, облыс, қала берді республикаға танымал болып үлгерген әнші жерлестеріміз Қанатқали Қожақов, Бақтияр мен Мадияр Мұхамбетқалиевтер мен Думан Беккалиевтің орындауында бірнеше әндер шырқалып, ақын А.Нәріков жырдан шашу шашты. Концерттік бағдарлама мектеп ұжымынан құрылған хордың орындауындағы «Ұстазым» әнімен аяқталды.

tasqala (2)

Айта кетейік «Оян» орта мектебінің негізі сонау 1926 жылы қаланған. 1924-25 жылдары Жаңақала ауданынан жер тапшылығына байланысты 250 кердері отбасын Ділім Бекжанұлы бастап келіп, бай кулак Мартыновтың жеріне қоныс тебеді. Сөйтіп Жаңақала ауданында комсомол мүшесі болған Төлеген Нұғманов деген азамат осы жерге келіп 15 баламен оқуды бастайды. 1936 жылы «Мартынов» бастауыш мектебі 7 жылдық мектеп болып кеңейтіледі. 1957-1958 жылдары іріленген «Сталин» колхозына  айналуына байланысты колхозшылардың сұрауы бойынша бұрынғы Мартынов 7 жылдық мектебі «Сталин» атындағы орта мектеп болып өзгертіледі. 1957 жылы Сталин колхозының қаржысымен жаңа мектеп үйі салынады. Оған жоғары білімді Бақтығали Сағатов деген азамат басшылық жасайды. Сол кезде қазақ тілі пәнінен Ш.Омашева, орыс тілі пәнінен А.Мұстафина, математика пәнінен Қ.Мергенбаева, физика пәнінен М.Жәнекенов сынды ұстаздар сабақ береді.1959-1960 оқу жылында «Сталин» орта мектебін 15 оқушы аяқтаса, сол кездің өзінде мектепті біреуі алтын, екіншісі күміс медалға бітіреді. Олардың екеуі де Ақтөбе мединститутына оқуға түседі. Тағы бір оқушы Алматы медициналық институтының фармацевт факультетіне қабылданады. Төрт оқушы А.С.Пушкин атындағы педагогикалық институтына, ал тағы біреуі Орал ауылшаруашылық институтына оқуға түседі. Оның бер жағында да бұл мектептен талай білімді шәкірттер қанат қағып, білікті ұстаздар еңбек етіп келеді. Әр жылдарда мектепке жетекшілік еткен басшылар өздерінің іскерлігімен әріптестерінің естерінде мәңгі сақталып қалды. Солардың ішінде  1960-1968 жылдар аралығында мектепке Қазақстан оқу ағарту ісінің үздігі А.Тұқыранов басшылық етсе, кейін  Ғ.Тұрғанәлиев, Р.Қартжанова, С.Ережепов, Б.Абенова, Ж.Тастілеуова, Н.Мұхамбетжанова, Д.Ихласов, Б.Гумаров, А.Хойрашевалар директолық қызмет атқарды.  Содан бері талай шәкіртке білім беріп, әншілер мен дүлділдерді түлеткен Оян мектебіне бүгінде 60 жыл толып отыр. Жиын барысында  осы мектепте еңбек етіп, талай шәкірт тәрбиелеген, бүгінде бұл фәнимен қош айтысып, бақилық болған ұстаздарды еске алып, олардың рухына тағзым етті. Дәл осы күні мектеп түлектері, яғни ауылдағы шаруа қожалығының басшылары бірлесіп мектептің мерейтойына орай Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы аясында  балаларға арналған жаңа спорт алаңын салып берді. Мұнда балалар жазда ролик тепсе, қыста хоккей ойнайтын болады. Ал «Атамекен» шаруа қожалығының басшысы Б.Қуанышқалиев  балаларға арнап су жаңа 10 роликті сыйға тартты.Жаңа нысанның тұсауын кесу рәсімі мектептің алғашқы ұстазы М.Жәнекенов пен аудандық маслихат хатшысы С.Рахимовке, сондай-ақ, «Дәурен» шаруа қожалығының басшысы Д.Нұрмағамбетовке бұйырды.

tasqala (3)

Айта кетейік «Оян» ауылында кәсіпкерлердің демеушілік көрсетуі немесе түлектердің туған жерге деген тартуы жыл сайын дәстүрге айналып келеді. Соның арқасында бүгінде мектеп алаңында балалар ойын алаңы, су бұрқақ және басқа да ауылға көрік берер нысандар бой көтеруде. Бұл қаймағы бұзылмаған қазақи ауылдағы ауызбіршілік пен ынтымақтың белгісі деуге болады. Өйткені өнімді өнегесі мен тәлімді тәрбиесін бойына жинап, жақсы ұстаздан білім алған әр шәкірт әлі талай рет білім ордасының абыройын асқақтатып, мәртебесін көтере беретіні сөзсіз. Солар берген тәрбиенің арқасында бойындағы елге, туған жерге деген рухының өшпейтіні белгілі.

Назгүл Серікқызы

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале