31.05.2018, 11:17
Оқылды: 98

Тасқаладан 129 адам «халық жауы» атанған

1917 жылдан бастау алған қаралы күннің қара дауылы ұлт пен ұлысты, ел мен жерді түгел шарпыды. Халқының азаттығын аңсаған Ұлт зиялыларының көрген қасіретін, рухани жан азабын сөзбен жеткізу мүмкін емес.

Ста­линдік саяси қуғын-сүргін қоғам өмірінің барлық саласын қамтып, оның құрығына әйелдер мен балалар да іліккен еді. Бүгінде жазықсыз құрбан болған тұлғаларымыздың өмір жолын біліп, ұрпаққа жеткізу сіз бен бізге парыз. Осы орайда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен 1997 жылдан бері мамыр айының соңғы жұлдызы «Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» болып белгілен­ген. Атамекенімізге қатысты сайқал саясаттың салқынына душар болған тұлғаларымыздың санын анықтап, өмірін білсек деген ниетпен өлкетанушы Ғ.Хисаметдиновке жолыққан едік.

Көненің көзі Ғалым Ғайниұлының айтуынша, 30-50 жылдар аралығында облысымыздан жалпы саны төрт мыңға жуық адам айыпталған. 1937 жылы 853 адам тұтқындалып, 335 адам ату жазасына кесілген. Араға тура бір жыл салып, 1938 жылы ұсталған 936 адамның 690-ы жазықсыз оққа ұшқан. Аудан бойынша қуғын-сүргін құрбандарына байланыс­ты Ғалым Ғайниұлы жинаған деректерден ауылдастарымызға қатысты дүниелерді де кездестірдік. Сөйтсек, сұм саясат уақытында ауданымыздан 129 адам «халық жауы» атанып, оның 31-і ату жа­засына кесілген. Атап айтсақ, Тасқала ауылдық округінен – 27, Достық ауылдық округінен – 5, Ақтау ауылдық округінен – 24, Ме­реке ауылдық округінен – 14, Амангелді ауылдық округінен – 8, Қазақстан ауылдық округінен – 9, Шежін ауылынан 24 адам тұтқындалған. Олардың жартысынан көбі жазықсыз оққа ұшса, қалған боздақтардың күндері лагерьлер мен түрмелерде өткен. Олардың қатарында есепші, ағаш шебері мен қарапайым шаруалар да болған.

– Көпшіліктің тағдыры КСРО Жоғарғы Сотының Әскери алқасының мәжілістерінде, «екілік» пен «үштік» атанғандар мен НКВД-ның ерекше кеңестерінде құпия жағдайда шешілген. Шын мәнісінде, қанша адамның нақты қай жерде тұтқында болғанын, нақты қай жерде оққа ұшқанын білмейміз. Оны ешкім де айта алмайды. Се­бебі қазір ол кезді көзбен көрген жандар қалған жоқ, – дейді өлкетанушы.

Ғалым ақсақалдың айтуынша, сол жылдары ауыл шетінде ату жазасына кесілген тұтқындарды жазалайтын қызыл тастан қаланған арнайы орын болған. Алай­да соғыстан соң оның тек бір қабырғасы ғана қалғанға ұқсайды. Кейін Адэльшин деген татар аза­маты қабырғаны әрі қарай жалғап, өзіне баспана тұрғызған. Бұл жер қазір аудан орталығындағы Азаттық және Ақжол көшелерінің қиылысында орналасқан. Талай жылдан бері су басып, шөп-шалам қаптап кеткендіктен, қабырғаның тек орны ғана қалған. Иә, қазір сол салқын саясаттың кесірін көрген жандар арамызда баршылық. Мысалы, С.Айтжано­ва, А.Лешукова, Г.Сандр сияқты жерлестеріміздің әкелері «халық жауы» атанғанда, олар небары екі-үш жасар бала болыпты. Олар әкелерін есте жақсы сақтай ал­маса да, халық жауының ұрпағы деген жаланың оқу оқып, білім жо­лына түсуге, яғни армандарының орындалуына кері әсерін тигіз­генін жақсы біледі. Сондықтан тағдыр тауқыметін көп тартқан осындай жандарға мемлекет тара­пынан жәрдем жоқ емес, бар тек жүректегі жара болмаса...

Әсемгүл БЕКЕШЕВА,

Тасқала ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале