2.10.2017, 11:33
Оқылды: 33

Тасқалалықтар аудан күнін атап өтті

«Туған жер» бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығы және Еңбек күнімен қатар келген аудан күні мерекесі тойланды. Шараға көршілес Ресей Фдерациясының Саратов және Озинки мен облысымыздың басқа аудандарынан келген қонақтар, ауыл тұрғындары қатысты.

Шараға қатысушылар алдымен ауыл шаруашылығы бөлімінің жәрмеңкесімен танысып, қолөнер бұйымдарының көрмесін тамашалады. Келген кісіге ақ дәмнен ауыз тигізетін дәстүріміз бойынша оларға айран мен көже ұсынылды. Кейін аудандық мәдени-демалыс орталығы көркемөнерпаздарының айтулы күнге арналған «Ұлы дала дүбірі» атты концерттік бағдарламаның куәсі болды. Өз кезегінде сөз алған аудан басшысы С.Әлиев: – Күннің суығына қарамай шарамызға ат салысып жүрген әр адамға шексіз алғысымды білдіремін. Аудан күні – баршамызға ортақ мейрам. Осы уақытқа дейін өлкеміздің көркейіп, әлеуметтік жағдайының жақсаруына қалай белсенділік танытсақ, болашақта да алған қойған мақсатымыз орындалады деп сенемін. Еліміз рухани жаңғыру арқылы әлемді мойындатып, жарқын болашаққа бірлік туы астында бірге жетейік,-деді.

Сондай-ақ ауыл шаруашылығы мерекесі мен Еңбек күніне орай сала үздіктеріне алғыс хат табыстады. Ал жыл қорытындысы бойынша үздік механизатор Б.Аубаков, үздіс аспаз С.Уразалиева, үздік электр саласының қызметкері Н.Төлешов, үздік газ дәнекерлеуші В.Сидоровнин, үздік коммуналдық шаруашылық қызметкері Ә.Құспанов, үздік жұмысшы С.Құрманбаев, үздік ветеринарлық дәрігер Т.Юсупов, үздік комбайыншы И.Сатқанов, үздік автокөлік жүргізуші В.Петренко және үздік пошта қызметкері деп Б.Канаева танылды.

Бұдан соң мерекелік шара спорт ойындарымен жалғасты. Қой көтеру, қазақша күрес, аламан бәйге секілді ойындарды жұртшылық үлкен қызығушылықпен тамашалады. Бұл ойындарға жергілікті халықтан бөлек басқа аудан тұрғындары да белсене қатысты

Әсемгүл БЕКЕШЕВА,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале