11.08.2017, 15:18
Оқылды: 61

Тасқаланың екі мектебінде агросынып ашылмақ

Бұл жаңа оқу жылынан бастап Қ.Сәтбаев және С.Жақсығұлов атындағы орта мектептерінен бастау алып, агросыныпты енгізу арқылы облыстық эксперимент алаңы болып ашылмақ.


Аталмыш жоба аясында жалпы орта білім беретін мектептердің жоғарғы сыныптарында оқушыларға  ауылшаруашылық саласы  бағытында білім берілетін болады. Жаңа жоба болашақта осы сала бойынша жоғары оқу орындарында білімдерін жалғастыруды көздейтін талапкерлердің қабілетін дамытып, білімдік сұраныстарын қанағаттандыру мақсатын көздеп отыр. Осы орайда аудан басшысы мен облыстық білім басқармасы және Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық мемлекеттік университетімен келісілген үш жақты меморандумға қол қойылды.

- Курсты Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасымен келісілген  оқу жоспарына сай  Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық мемлекеттік университеті құрастырған оқу бағдарламасы негізінде 8-сыныптарда  аталмыш оқу орнының мұғалімдері жүргізеді. Сабақ саны 34 сағатты құрайды. Ол қыркүйек айынан бастап аптасына бір рет өтеді. Курсты толық аяқтағандарға облыстағы ауылшаруашылық оқу орындарына түскен кезде жеңілдіктер беріледі.  Сонымен қатар жазғы оқу практикасын келісім бойынша шаруа қожалықтарында өткізуге болады,- дейді аудандық білім бөлімі мамандары.

Әсемгүл БЕКЕШЕВА,

Тасқала  ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале