7.12.2017, 12:38
Оқылды: 54

«Тау баласы» дүниеге келді, ағайын!

 

Елдің сүйікті жас ақынымен жалпақ жұртшылық жүздескен керемет кеш өтті Теректіде.

 Сонымен, сүйікті һәм аса дарынды жас ақынымыз деп отырғанымыз, әрине, Әділет Орынбасаров. Оның есімі жамағатқа тек Теректі аудандық «Теректі жаңалығы» газетінің тілшісі ғана емес, сонымен қатар ақын, талантты актер, жалынды жас, белсенді көшбасшы ретінде мәлім.

Айта кетейік, Әділет  Әлібекұлының кіндігі  1993 жылдың 25 қазаны күні  Атырау облысы, Индер ауданы, Индербор кентінде кесілді. Ауылдағы М.Әуезов атындағы орта мектептен түлеп ұшқан ол кейін Орал қаласындағы Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің табалдырығын аттайды. Сөйтіп жасыл қалада өнермен өрілген өмірі жалғасты.

Бала кезінен бастап жыр әлемінде ақ қағаз, қауырсын қаламмен қауышқан  ол қазіргі таңда құлашын кең сермеп келеді. Оған республикалық, облыстық, қалалық түрлі байқауларда  бірнеше дүркін жеңімпаз атануы куә.

Ал желтоқсанның 6-сы күні Теректі аудандық Мәдениет үйінде оның «Тау баласы» атты сиясы кеппеген кітабының тұсаукесері өткенде тағы бір мәрте көз жеткізіп марқайғанымыз рас.

Тұңғыш жыр жинағында жас ақынның туған жерге деген шексіз махаббатының иісі аңқып-ақ тұр. Елге, Отанға, бауырларына, отбасына  жыр арнап, қоғамдағы өзекті мәселелерді көрсетіп, қалам тербеген.

«Тау баласының» алғы сөзінде «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллин: - Біреулер «Қырдың баласымын» десе, жазиралы кең даланы мақтан еткені. Сондықтан Әділеттің «Тау баласымын» деп, қия шыңдарға құлаш сермеуі өзіне қойған талаптың деңгейі болар. Қайта жастарға  таудай  биікке  ұмтылу, соған  сай боламын деп талпыну жарасады. Дәл осы талпыныс Әділеттің бойынан анық аңғарылады. Ол – адал жүруді, әділ болуды қалайтын, осыны өзінен ғана емес, өзгелерден де талап ететін, шыншыл, сыншыл, сыршыл ақын» деп Әділеттің өлеңдегі жолы даңғыл болуына ақ жарма тілегін ақтарған.

Ал «таңдайдан жыр төгілсе, арман бар ма!?» деп тамсанып тілек жазған  ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ғайсағали Сейтақ: - Автор тырнақалдысының атын «Тау баласы» деп тегін қоймаған шығар. Оны «Мен таулықпын!» - деген өлеңінің өнбойынан сезінуге болады.

Тау естіді іңгәлаған даусымды,

Сонда өткіздім мамыражай маусымды.

Тау сынды ешкім мені тыңдай алмаған,

Ешкім мені түсінбеген тау сынды,-

дей келіп,

Маңғаз таулар жүрегіме үңілді,

Сүйеді екем аспан мен жел, гүліңді.

Алып Анам!

Құшағыңа құлаймын,

Тәркі етумен күйбеңімді бүгінгі,-

деп түйіндесе, оған иланасың. Тау баласын түсінбейтіндер де болар. Ең бастысы, өлеңінде өтірік айтпайды. Жырларынан қазақ баласының өршілдігін, намысқойлығын айқын сезінесің»,-дей келе, жас ақынның  келешегіне сеніп, өлең көшінің аяқталмауын тілейді.

Иә, рас. Қасиетті қара өлеңде өтірік айтпайтын Әділет өмірде де өтірік айтпаған емес әсте.  Әркез шындықты айтып шырылдап жүретін оның өтірікке жаны қас болуы құптарлық. Әділеттің осы қасиетін айрықша бағалайтын ақын аға-інілері, бауырлары, достары, оқырмандары жыр жинақтың тұсаукесеріне арнайы келіп жылы лебіздерін білдірді.

Есімі елге мәшһүр айтыскер ақын Бауыржан Ширмедин жүргізген шара барысында кеш кейіпкерінің өлеңдері оқылып, әндері шырқалды. Жыр кешінде  аталмыш кітап ата-әжесіне арналғанын жеткізген Әділет Әлібекұлы бұл кітаптың «дүниеге келуіңе» септігін тигізген аудан басшылығына және Теректі аудандық мәдени-демалыс орталығының директоры Мәулет Жұбатовқа  зор ризашылығын жасырмады.

Жалпы, Әділеттің ақындық қабілеті бір төбе, ал адамгершіліктің ақ туын нық ұстаған адами қасиеті де өз алдына бір төбе. Осындай «биіктігі» бар баладан «Тау баласы» дүниеге келуі заңдылық емей немене!? Ендеше, қалың оқырманға жол тартқан «Тау баласының» қадамы құтты, жыры тәтті болсын!

Самал ЖАМЕТ,

Орал қаласы

Суреттерді түсірген Камелия Өтеу

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале