11.01.2019, 18:08
Оқылды: 50

Теректі ауданы әкімі мәдениет және өнер қайраткерлерімен кездесті

Бүгін Теректі ауданы әкімі Әділ Жоламанов теректілік мәдениет және өнер қайраткерлерімен кездесіп, пікір алмасты.

 IMG_0153

         Әр салада жетістікке жетіп, республикалық және облыстық деңгейде аудан атын танытып жүрген азаматтар еркін форматтағы басқосуда өзекті мәселелер қозғап, ауданда атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспар сөз болды. Танымал айтыскер, ұлағатты ұстаз Дариға Мұштанова ауданға қарасты ауылдардың тарихына терең үңілу керектігін айтты. Ал тарихшы Сайлау Сүлейменов Рыбцех ауылының бүгінгі хәлін тілге тиек етіп, жастар арасында қылмыстың өршіп тұрғанына ашынды. Өңіріміздегі ірі медиахолдинг «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Рауан Сәбитұлы сөзі өтімді, ұрпаққа айтары бар құрметті азаматтардың басын біріктіріп, шалғай жатқан ауылдардың халқымен кездесулер өткізу керектігін және жастар арасында сауатсыздықты жою үшін газеттердің рөлін арттыру туралы сөз қозғады. Ақын, журналист, облыстық «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин ішкі туризмді дамыту һәм ауылдарда заңсыз арақ сатылымын тоқтату секілді өзекті мәселені көтерсе, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Х.Бөкеева атындағы драма театрының әртісі Бибігүл Есалиева Аңқаты ауылында ақын Ақмаржан Таубаеваның кешін өткізу турасында ұсынысын білдірді. Ақын, әнші-композитор Ерікқали Ахметов пен БҚО аумақтық инспекциясының басшысы Қайрат Қадешовтің ойы орайлас болды. Олар қысқы мезгілде мотошанамен аңды, соның ішінде қояндарды «қойдай» қыру белең алып тұрғанын айтып, осыны жіті назарда ұстау керектігіне тоқталып өтті.

         Басқосуда композитор, дирижер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ауданның Құрметті азаматы Қырымгерей Қажымов, филология ғылымдарының докторы, доцент Мұрат Сабыр, облыстық «Приуралье» газетінің бас редакторы Роза Сыикова, сазгер, домбырашы Ермак Молдабеков, мүсінші Манас Аққожин, мәдениет саласының қызметкері Салауат Нарышев, әскери самбодан әлем чемпионы Темірлан Ихсанғалиев, Х.Бөкеева атындағы қазақ драма театрының актрисасы, Мәдениет саласының үздігі Эльмира Мақашева, әнші, композитор Марат Сарбөпеев, құнды жәдігер жинауды сүйікті ісіне айналдырған азамат, зерттеуші Аманжол Сәлімов секілді елге сыйлы тұлғалар кездесу жасаған аудан әкімі Әділ Жоламановқа алғыс білдіріп, аудан көлемінде жүзеге асар жақсылықтарға үлес қосуға дайын екендіктерін жеткізді.

Әділет Орынбасарұлы

© zhaikpress.kz

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале