9.10.2018, 18:30
Оқылды: 59

«Туған жер» этно-мәдени жобасы Қазталовта

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» мақаласындағы басым міндеттерді насихаттау мақсатында «Жайық Пресс» медиахолдингі облыс көлемінде ұйымдастырып отырған «Туған жер» этно-мәдени жобасы Қазталов ауданынан бастау  алды.

IMG_5922

«Жайық Пресс» медиахолдингінің бас директоры Рауан Сәбитов бастаған топ Қазталов ауданы орталығына ат басын тіреді. Бұл топ құрамында «Ана тілі» Ұлт газетінің бас редакторы, «Дарын» сыйлығының лауреаты, ақын Жанарбек Әшімжан, облыстық «Орал өңірі», «Приуралье» бас газеттері мен он бір аудандық газет редакторлары және Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония әртістері бар.

Медиахолдингтің жанынан құрылған «Бас редакторлар клубының» көшпелі жиынының алғашқы отырысы өтті. Өткен жиында облыстағы және аудандағы редакторлар өздері тізгінін ұстап отырған басылымдардың бүгінгі таңдағы бет-бейнесі мен келешегі туралы еркін пікір алмасып, жетістіктері мен қордаланған мәселелерді ортаға салды.

Көшпелі жиынмен қатар Қазталов орта мектебінде 7-11 сынып оқушылары арасында шығармалар байқауы өтті. Шығармалар байқауына аудан мектептерінен 75 оқушы қатысып, бақтарын сынады. Сондай-ақ «Жайық пресс» медиахолдингінің бас директорының кеңесшісі Нұрсұлтан Мықтыбай шығармалар байқауына қатысушылардың жетекшілерімен кездесіп, «Өрімтал» облыстық жас тілшілер фестиваліне іріктеу кезеңі туралы кеңінен әңгімеледі.

 «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин 150 жылдық мерейтойын тойлағалы отырған Алма Оразбаева атындағы мектепке арнайы барып, ұжыммен кездесті.

IMG_6185
Тарихы терең білім ордасында болған Бауыржан Файзоллаұлы мектеп тарихынан сыр шертетін музейді аралап көрді.
Кездесуде әр түрлі тақырыпта әңгіме қозғалып, ұстаздар қауымын мазалап жүрген сұрақтарға жауаптар берілді.

Осы бір жоба аясында танымал журналист, «Ана тілі» Ұлт газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан «Бас  редакторлар клубына» арналған шеберлік сыныбын өткізді. Журналисттік жолда еңбегі  мол Жанарбек Әшімжан өзінің тәжірбиесімен бөліскен болатын.

– Ел мықты болам десе, оның жаңалық жаршылары  мықты болу керек. Мен  өз жолымды  І курс оқып жүрген кезімнен, журналистің  беделі  «аһ» ұрып тұрған кезде  бастаған  болатынмын.  Ол кезде  тілшілердің беделі жоғары болатын. Қазір тілшілерді кез келген шараға «қолшоқпар» қылып отырады. Бұған біз көз жұмып қарамауымыз қажет. Өз тілшілеріміздің бедерін ұстауымыз аса қажет. Журналистер ешбір мемлекеттік бағдарламаға енбейді, мемлекеттен қолдауды да ала алмайды. Ауданда тілшілердің жетіспеушілігі осыдан туындайды деген ойдамын.  Соңғы  уақытта  осы бір мәселені жиі көтеріп келеміз.  Ол мына бір мәселе - қазіргі таңда  әлеуметтік  желіде өздерінің ой-пікірлерімен бөлісіп, халық арасына танымал бола бастаған блогерлердің  дәрежесін журналистпен теңестіру мәселесі. Бұл, әрине, келісті емес деп санаймын. Журналистің абырой-бедері әрқашан биікте тұруы қажет. Сондай-ақ журналист ақпаратты жаяулап, жалпылап жүріп алған жөн секілді. Қазіргі уақытта  интернет жүйесі  дамыған уақытта мәліметті  тиісті  жерден  алу барда, оны көзбен көру былай қалып отыр.  Бұл  дегеніміз өз жұмысыңа жауапкершілік  аздығы  немесе  тілшінің  «желкесінің қыры» жібермеуі деп санаймын. Мен өз тәжірибемде тілшілерімді тиісті ақпарат алу үшін жіберіп отырамын. Мысалы бір тілшімді әл-ахуалы жоғары, тұрмыс деңгейі жоғары ауылға жіберсем, екіншісі, керісінше, тұрмыс-тіршілігі кенжелеп қалған ауылға жіберіп, екеуінен жауап күтемін.  Сонда қағаздағы мәлімет пен көзбен көргеннің  айырмашылығы бек айқын болады.

Сондай-ақ электронды поштаға хаттар мен мақалалар да келіп жатады. Әсіресе, дін жөнінде. Бұл Қазақстанда діни ахуал көңіл қуантарлық емес екенін көрсетеді. Бір ұлттың газеті болғандықтан мен арнайы мамандарды алдырып, іріктетіп аламын. Бұндай тәжірибе кез келген газетте қолданылуы қажет деп ойлаймын, - деді Жанарбек Әшімжан.

Шаралар соңы аудандық мәденеиет үйінде өткен кешпен қорытындыланды. Кеште аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова Рауан Сәбитұлы бастаған топқа аудан халқы атынан алғысын білдіріп, «Ана тілі» Ұлт газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжанға аудан әкімінің алғысхаты мен естелік сыйлық табыс етті. Кеш облыстық филармония әншілерінің әуелеген әндерімен өріліп, марапаттау рәсіміне кезек берілді. Кезекті басылымдарға жазылуда белсенділік танытқан және «Орал өңірі», «Приуралье» және аудандық «Ауыл айнасы» газеттеріне жан-жақты қолдау көрсетіп жүрген округ әкімдері мен мекеме басшыларына Рауан Сәбитұлы арнайы алғысхат табыстаса, қолдау білдіріп жүрген аудан кәсіпкерлерін де марапаттады. Оларға медиахолдингтің атынан 100 мың теңгенің сертификаты берілді. Марапаттау рәсімінде облыстық және аудандық басылымдарды оқырмандарымызға уақтылы және дер кезінде жеткізудегі еңбектері үшін аудандық «Қазпошта» бөлімінің газет таратушы қызметкерлеріне де алғысхат табыс етілді. Кеште облыстық «Орал өңірі», «Приуралье» және аудандық «Ауыл айнасы» газеттерінің сапалы әрі мазмұнды шығуына сүбелі үлес қосып, өзіндік ойларымен басылым бетінде бөлісіп келе жатқан авторларға «Ауыл айнасы» газетінің «Штаттан тыс тілшісі» және оқушы болса да, жақсы мақалаларымен үздіктер қатарынан көрініп жүрген бір топ жас тілшілер «Ауыл айнасы» газетінің «Жас тілшісі» куәліктерінің иегері атанды.

Кеш барысында Қазталов ауданы бойынша «Ғажайып өлке» шығармалар байқауына қатысқан 75 оқушының арасынан әділқазылар алқасы 3 оқушыны жеңімпаз деп танып, оларға қараша айының соңында Орал қаласында өтетін «Өрімтал» облыстық жас тілшілердің фестиваліне жолдама берілді. Сондай-ақ кеште облыстық «Орал өңірі», «Приуралье» және аудандық «Ауыл айнасы» газеттеріне қолдау ретінде жаңа 2019 жылға жазылу осы жерден бастау алып, мекеме басшылары мен кәсіпкерлер бастап жазылды.

Гүлнұр ҚАЗБЕК,

Жұлдыз АСҚАР,

Тұрарбек АҚМУРЗИН,

суреттерді түсірген Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ

 Қазталов ауданы

zhaikpress.kz

IMG_6282

IMG_6234 IMG_6471

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале