2.10.2019, 18:03
Оқылды: 504

Туған жердің жырауы

Тарғын Қошқарбаев 1950 жылы Алғабас ауылдық округі, бұрынғы Ақырап ауылы, Егінсай деген жерде дүниеге келді. Ауылдың сегізжылдық мектебін бітірген бозбала кейін Шымкент қаласында киномеханик мамандығы бойынша білім алды.

oznor

Оның әкесі Қошқарбай қарт сөз ұстаған адам еді. Әкенің ауызынан жыр мен дастанға қанып өскен Тарғын өсе келе өзінің жүрегінде де өлең бар екенін түсінді. Алғашқылары студенттік жылдары қағаз бетіне түсті. Оқудан келіп, аудандық мәдениет үйінде қызмет жасаған уақытта да, ауылда мал бағып жүрген кезде де ол өлеңнен алыстаған жоқ. Жылқы айдап келе жатып, көңілімен өлеңнен өрмек тоқитын.

Жымпитыға келген сайын аудандық газеттің редакциясына соғу – дала ақынының әуелден бергі әдеті. Әдеті дегеннен гөрі, сүйікті ісі деген дұрыстау болар. Ол газеттің үйіне туған үйіне асыққандай асығып келеді. Тарғын ағай жазумен айналысатын адамды адамзат баласының бәрінен биік бағалайды. Біздің де шамалы жазып – сызатынымыз бар ғой. Оның көзімен қарасақ, бәріміз – Жамбыл, бәріміз – Мұқағалимыз. Мұндайда мәртебеміз өсіп, мерейіміз тасып қалады.

Біреуді биікке көтеру үшін, өзің де сол биікте болу керексің ғой. Газетке деген құрметі, жазу адамына деген ілтипаты Тарғын Қошқарбаевты да басқадан бөлек, жұрттан даралап тұрады.

Газетке бір келгенде, Тарғын ағайдың қолынан өлеңдерінің қолжазбасын көріп, қоярда-қоймай сұрап алып қалғанбыз. Қанша бергісі келмесе де, газетті сыйлағасын берді. Бір дәптер өлең бір – екі ай жұмыс бөлмеміздегі үстелдің суырмасында жатты.

Бір күні уақыт бөліп ағайдың дәптерін парақтадық. Ішінен жақсы жырлап таптық. Тарғын ақынның әр өлеңінен даланың иісі аңқиды. Сөз бен сөз бір-біріне грамматикалық әдіспен емес, қазақылықтың тамырымен байланысып тұр.

Қазақта не көп? Өлең көп. Аспан, ағаш, күз, сұлу қыз жайлы өлең одан да көп. Бірақ, Тарғын ақын елін, жерін жырлайды. «Көл қорыған сен едің, Сен де айырылдың көліңнен!» деген Махамбеттің толғанысы Тарғынның жүрегіне де тыныштық бермейді.

Ауылдан кете бастаған елді ақын өлеңімен тоқтатып:

Ұрпақ-ау, туған жермен сән құрасың,

Туған жер ұрпағыңмен жаңғырасың!

Еншілеп атаң берген жерді тастап,

Ұрпағы неге шетке қаңғырасың?

Күнінде тұрған ел ғой мерейі өсіп,

Жан-жаққа бытырады елі көшіп,

Баласы бақпай қариядай,

Ел қалды қарт кемпірдің күнін кешіп! - дейді ол.

Ақынның халқы тастап кеткен ауылды «баласы бақпай кеткен қарияға» теңеуі қандай дәл? Айтса айтқандай, Алғабас ауылдық округіне қарасты біраз елді мекеннен елдің кетіп жатқаны шындық.

Тарғын болса:

Ауылым – туып өскен атамекен,

Байлығы тағы шалқып жатар ма екен?

Көргенде туған жердің хәл-жағдайын,

Қабырғаң сөгілгендей батады екен! - деп күйінеді. Бір жағынан, елден кеткен тұрғындарды, ауылға тұрақтамаған жастарды да түсінуге тырысады.

Кім көрген туған жердің жамандығын,

Таратқан топырақтан адалдығын.

Ердің-ау шарасыздан заманыңа,

Еліңде болмағасын мамандығың!

Бұл жыр жолдарының арғы жағынан ауылдағы жұмыссыздық мәселесі қылтиып көрініп тұрған жоқ па?

Қоғамда қылаң берген құбылыс Тарғын ақынның жүрегінен өтеді екен. Ақынның жүрегі нәзік, сезімтал болады ғой. Елдің жүгі нәзік жүрекке түскенде көздің жасындай болып өлең төгіледі.

Жылдың басында елордада болған жағдай қалың жұртты қайғыртты. Бір үйдің бес бүлдіршіні өртеніп кетті. Елмен бірге Тарғын да егілді, жұртпен бірге Тарғын да жылады.

Байлықтың көп болғанмен сан-саласы,

Қазақтың жазылмай тұр жан-жарасы.

Бір үйдің бес сәбиі жанып кетті,

Басында болмағасын баспанасы.

Біреудің жалдап жатқан қорасында,

Еш пенде жарамады-ау қарасуға.

Күндіз-түні тиын терген ата-анасы,

Қайдан білсін?

Ұрпақтарын кіргізгенін моласына? - деп жылайды ақын.

Оның:

Келтірсек көп қой шындық деректері,

Баспана мен болмапты қоректектері,

Бостандық сұрап өлген Қайрат, Ләззаттардай,

Үй сұрап, ұрпақ өртенуі керек пе еді?

Жаны ашып бір үйдің бес түлегіне,

Талайдың салмақ түсті жүрегіне.

Үйі жоқ, қанша бала аш жүргенін,

Сенат пенен парламент біледі ме? - деген сұрағына кім жауап берер екен?

Тәуелсіздіктің ұрпақтарының сектаның құдығына құлауы, қаракөз қандастарымыздың «жұмақ іздеп» шетел асуы-қазақтың ортақ қайғысы ғой. Айдың-күннің аманында мылтық асынып, Сирияға атқанғандарды, туған жеріндегі тыныштықты соғысқа айырбастағандарды ақын түсіне алмай дал болады.

Келу қиын Сириядан ақталып,

Соғысты аңсау – біздің ұлтқа жат қылық.

Жат ағымға еріп, жат елге қашу – жас ұрпақ,

Отанға, елге, ұлтыңа деген сатқындық!

Ұрпағының ұлтынан болмау керек жаны артық,

Отансыз адам өмір сүре алмас жаңартып.

Халқын, елін, ата-анасын жерге қаратып,

Ешкім де жарық көрмейді ғой таңы атып! - деп бұлқан-талқан болады ол. Бұл жағдайдың астарын ол дінмен емес, ұрпақтың туған жерге деген махабатының жоқтығынан іздейді.

Намысты болу – ұл мен қызға тән қылық,

Бабалар аз ба, әлемді өткен таң қылып?

Жем болғанша шетелдің барып итіне,

Өз жеріңде сүйегің жатсын мәңгілік!

Шынында да, қанша қазақтың сүйегі далада қалды. Соған қарағанда, туған жерде өлудің өзі де бақыт екен. Тарғын Қошқарбаевтың «Қазақта кімнің қай әкесінің құны бар?» деген өлеңінде де осы өршілдік, осы өнеге сақталады.

Қорыта айтқанда, Тарғын ақын – өзінің өлеңдегі табиғатын тапқан ақын. Қадырша айтсақ, ол – «болуы үшін жаралған, туған жердің жырауы!». Тарғын ағаның, «туған жердің жырауының» бір-екі өлеңін оқырман назарына ұсынамыз. Ақын шынымен де жыраулардай жырлайды.

Бауыржан Ширмединұлы

журналист

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале