25.09.2018, 11:04
Оқылды: 27

Зеленов ауданының атауын өзгерту ұсынылды

Зеленов ауданы орталығы Переметный ауылында ауданның атауын өзгерту жайын талқылаған жиын өтті.

peremetnyi (4)

Көпшілік жергілікті қоғамдастық мүшелерінің арасынан жиын төрағасы етіп Переметный мектебінің директоры Мәлік Өтешевті сайлады.

Ел алдында үлкен беделге ие Мәлік Сисенбайұлы әр тұрғынның ой-пікірінің маңыздылығына басымдық берді.

Аудан атауын өзгерту мәселесін талқылауға жиналған қауым өзіндік ой-пікірлерін ортаға салып, қорытындысында көпшілік аудан атауын қазіргі заман талабына сай өзгерту қажеттігін алға тартты.

Оған қоса, аудандық Достық үйінде аудандық мәслихаттың білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік, мәдени және жастар саясаты, ұйымдастыру және құқық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының Зеленов ауданының атауын Бәйтерек ауданы деп қайта атауға байланысты көпшілік тыңдау болып өтті. Тыңдалымға аудан әкімі Асхат Шахаров, аудандық мәслихат депутаттары, ауылдық округ әкімдері, қоғамдық бірлестіктер өкілдері мен тұрғындар қатысты.

- Биыл 11 қыркүйекте аудан әкіміне ауданның «Жастық-Молодость» жастар қоғамдық бірлестігі атынан аудан атауын заман талабына сай қайта қарау туралы ұсыныс түсті. Осыған байланысты аудан әкімі аудандық мәслихат хатшысы Рамазан Исмағұловтың атына аталмыш мәселе бойынша аудандық мәслихаттың тұрақты комиссиясында көпшілік тыңдау өткізу туралы хат түсірген. Осының негізінде аудандық мәслихат 14 қыркүйекте аудандық «Ауыл тынысы» газетінде аудандық мәслихаттың тұрақты комиссиясында көпшілік тыңдау өткізу туралы хабарлама жариялады.

Жоғарыда айтылғандай, 2018 жылдың 22 қыркүйегінде ауданымыздың барлық ауылдық округтерінде жергілікті қоғамдастық жиналыстары өтті. Оған жергілікті қоғамдастық мүшелерінің 331-і қатысып, 295-і ауданды Бәйтерек деп атауды ұсынды.

Жергілікті қоғамдастық мүшелерінің ұсынысын бүгінгі мәслихаттың тұрақты комиссиясында көпшілік тыңдауға ұсынамын, - деді Зеленов аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Радик Ықыласов.

Аталмыш ұсынысты аудандық комиссия мүшелері бірауыздан мақұлдады.

Айта кету керек, аудан атауын өзгерту Қазақстан Республикасы «Әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңына және «Әкімшілік аумақтық бірліктерге елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру қағидаларын бекіту туралы» ҚР Үкіметінің 2014 жылғы №138 Қаулысына сәйкес жүзеге асырылуда.

 

Түгелбай БИСЕН,

Нұрлыбек ҚЫДЫРҒАЛИҰЛЫ

Зеленов ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале