31.05.2017, 13:15
Оқылды: 54

Зеленовтық оқушылардың жазғы демалысы қалай өтпек?

 

Зеленов аудандық білім беру бөлімі балалардың жазғы демалысын тиімді өткізуді дәстүрлі түрде қолға алып келеді.


Аудан бойынша мектеп жанындағы лагерлер тамақпен және тамақсыз 3 маусымда 10 күннен жұмыстанады. Жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыдан 1144 оқушы демалып, тегін тамақтанатын болады. Тамақтануы ұйымдастырылмаған алаңдар, үйірмелер, еңбек отрядтарында 5481 оқушы қамтылады деп жоспарлануда.

Балалар демалысының мәнді де сәнді болуы үшін екі аудандық лагер жұмысын бастамақ. Бірінші маусымнан бастап есігін айқара ашатын Январцево ауылындағы «Жас Ұлан» лагері 8 ауысыммен 400 оқушыны демалыспен қамтитын болады. Ал 3-ші маусымнан бастап балалар-жасөспірімдер туризм және экология орталығы жанынан «Достық» стационарлық лагері өз жұмысын бастайды. Аталмыш демалыс орнында 5 ауысыммен 200 оқушы демалмақшы. Ал «Дарын» қосымша білім беруорталығында олимпиада және басқа да конкурстардың жеңімпаздарынан 10 оқушы, «Зерде» жеңімпаздарының клубынан 4 оқушы демалысын ойдағыдай өткізбек.

Биылғы жылдың басты оқиғаларының бірі, Астана қаласында өтетін халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесін тамашалауға ауданнан 540 оқушы жіберілмек. Ол үшін жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыдан 300 оқушыға бюджеттен 14 млн. 610 мың теңге бөлінген. Тағы екі оқушы жазғы демалысын Италияланың Чезенатико қаласында  өткізетін болады.

Динара НАСЫР,

Зеленов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале