13.12.2016, 15:41
Оқылды: 66

Жаңақала ауданының энциклопедиясы жарық көрді

Жаңақала ауданының энциклопедиясы мен «Қамыс-Самар-Жаңақала: өткені мен бүгіні» атты тарихи танымдық жинақтардың  тұсаукесері өтті. Салтанатты рәсімге ҚР Инвестициялар және даму министрлігі индустриялды даму және өндірістік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Аманияз Ержанов, БҚО мәслихатының хатшысы Мәлік Құлшар, «Арыс» баспасының директоры Ғарифолла Әнес, аудан әкімі Лавр Хайретдинов, аудан тұрғындары қатысты.

Жаңақала ауданының тарихы мен шежіресін баяндайтын қос кітаптың лентасын «Арыс» баспасының директоры, филология ғылымдарының докторы  Ғ.Әнес пен аудандық мәслихат хатшысы З.Сисенғали кесті.

Салтанатты шарада сөз алған З.Сисенғали аудан тарихы кеңінен көрініс тапқанын кітаптың жарық көруіне ауданның арғы-бергі тарихын зерттеп зерделеген марқұм Рақым Құдайбергенов, күні бүгінге дейін қаламы қолдарынан түспеген Мәжит Жаданов, Нәсіпқали Мақанов сынды азаматтардың үлесі зор екенін атап өтті. Жиынға қатысқан барша меймандарға алғыс білдірген Л.Хайретдинов кітаптың шығуына атсалысқан З.Сисенғали мен «Арыс» баспасының директоры, филология ғылымдарының докторы  Ғ.Әнеске зор ризашылығын білдіріп, Алғысхат табыс етті. Сондай-ақ, Ғ.Әнеске «Жаңақала ауданының құрметті азаматы» атағын салтанатты түрде табыстады.

Қазіргі таңда «Арыс» баспасы мен Жаңақала ауданы әкімдігі қоян-қолтық жұмыс істеуде. Осыған дейін «Арыс» баспасында аудан тарихына қатысты «Тұяқберді», «Жаралы жылдар жаңғырығы», тағы басқа кітаптар жарық көрді.

Шараны аудандық мәдени демалыс орталығының көркемөнерпаздары әнмен әрлеп, жастар жырмен өрнектеді.

Н.Есетова

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале