19.06.2020, 10:22
Оқылды: 1166

Жаңақалада туған жеріне оралып, қызмет етіп жатқан дәрігер-мамандар бар

 Тағдырын медицина тоғыстырған жанұя

Жыл сайын маусымның үшінші жексенбісі елімізде медицина қызметкерлерінің мерекесі болып есептеледі. Бұл  – әр минут сайын адам өмірін құтқаруға бар күш-жігерін салатын, әрі өмір мен өлім үстіндегі адам жанын ажалдан арашалап, дертіне дауа тауып, әрқашан көмек қолын созуға дайын ақ халатты абзал жандардың кәсіби төл мейрамы. Кез келген науқастың қажетті ем алып, аяқтан тұруын басты назарда ұстайтын бұл мамандық иелерінің еңбектері ерен. Осынау мереке қарсаңында Жаңақала аудандық ауруханасының дәрігерлері жөнінде әңгіме өрбітпекпіз.

Шыр етіп жарық дүние есігін ашқан нәрестеден  бастап, еңкейген қартқа дейін ақ халатты дәрігерлер қызметіне жүгінетіні рас. Олардың еңбегін қажетсінбейтін жан бұл өмірде кемде-кем. Өз істерінің нағыз шебері бола білген ақ халатты жандар талай адамның жүрегіне үміт отын жағып, өмір гүлін сыйлап келеді. Күнделікті үсті-үстіне ағылып келіп жатқан науқастарға  ем-шаралар көрсетуден бөлек, аурухананың өзге де күйкі тірлігіне қарамастан кейіпкерлеріміз әрқашан жайдары мінез танытып жүруден еш жалыққан емес. Гиппократ антын қабылдап, сабырлылық пен салмақтылықты серік еткен отбасылық жұп Дәурен Кукенов пен Әсемгүл Нарегей адам жанының инженері десек, артық айтқанымыз емес. Өзінің сүйікті мамандығына нағыз берілген жандар адам денсаулығының сақшысы қызметін абыроймен атқарып жүр. Кейіпкерлеріміздің өмір жолына келсек, Дәурен Асылбекұлы 1991 жылы Айдархан ауылында дүниеге келген. Әкесі Асылбек Кукенов шебер құрылысшы, еңбекқор жан. Ал анасы Толқын Жұмағалиева ұлағатты ұстаз.

517CABE7-A11C-4C08-A3E2-0BCB0792A664

Дәрігер болуды бала кезінен армандаған Д.Асылбекұлы орта мектепті тәмамдаған соң, 2011 жылы Алматы қаласындағы С.Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медицина университетіне оқуға түсіп, «Жалпы тәжірибелік дәрігер» мамандығы бойынша білім алады. 2016 жылы жоғары оқу орнын бітірген соң, алғаш еңбек жолын «Жалпы тәжірибелі дәрігер» болып Көпжасар ауылдық емханасында  бастайды. Сол жерде алты ай жұмыс жасап, кейін аудандық ауруханаға ауысады. Тәжірибесі мен білімі әбден толысқан дәрігер Дәурен 2019 жылдан бастап аудандық аурухана директорының медицина жөніндегі орынбасары әрі анестизиолог-реаниматолог болып қызмет етіп келеді. Ол өмірлік серігі Әсемгүл Құрманбайқызымен бір қызметте жүріп танысып, 2018 жылы отбасын құрады. Қазір дәрігерлер отбасында Мәриям есімді қыз бала өсіп келеді. Жары Әсемгүл 1989 жылы Бөкей Орда ауданы, Бисен ауылында дүниеге келген. 1996 жылы мектеп табалдырығын аттап, 2007 жылы ҰБТ-дан жоғары балл жинап, Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетіне грантқа оқуға түседі. 2014 жылы оқуды аяқтап аудандық ауруханаға «Жалпы тәжірибелі дәрігер» болып жұмысқа орналасады. Әсемгүлге өз туған жерінен бөлек, көрші ауданға келіп жұмыс жасау басында қиын болғанымен, қазір аудан тұрғындарымен етене жақын болып кеткен. Жүрегі мейірім мен шапағатқа толы ізгі жан қызметінде сыйлы, отбасында асыл жар, аяулы ана. Қызы Мәриям да болашақта ата-анасының ізін жалғап, білікті дәрігер болады деп сенеміз.

- Бұл мамандық өте үлкен жауапкершілік пен біліктілікті талап етеді. Себебі денсаулық адам  өміріндегі ең қымбат байлығы болғандықтан, оның кері кетуіне түрткі болған дәрігер  қателігін ешкім де кешіре қоймас. Бұл мамандыққа келген соң, кез келген жанға қол ұшын созуға дайын болу керексің, - дейді Ә.Құрманбайқызы.

Үстеріне киген ақ халаттарындай кейіпкерлеріміздің де жүректері таза, пейілдері кең, көңілдері кіршіксіз екенін бірден байқайсың. Еміне шипа іздеп, жаны қиналып тұрған жанға қуаныш сыйлау үлкен бақыт деп санайтын Кукеновтар отбасы мамандықтарын мақтан тұтады.  

 Мамандығын мақтаныш тұтқан дәрігер

Елдің ықыласына бөленіп, адам денсаулығы үшін уақытпен санаспай еңбек етіп жүрген жас дәрігердің бірі - Нұрберген Тілепбергенов.

79434451-78DD-4C05-96CA-46728006DE48

Аудандық ауруханада қызмет атқарып жүрген жас маман Нұрберген Есбергенұлы 1994 жылы Көпжасар ауылында дүниеге келген. Ата-анасының қалауымен 2012 жылы Астана қаласындағы Медицина университетіне грантқа түсіп, осы салада оқып жүріп, мамандығына деген қызығушылығы оянады. Жоғары оқу орнын бітірген соң, аудандық ауруханаға тұрақты жұмысқа орналасады. Ол қазіргі таңда ауруханада жалпы тәжірибелі дәрігер болып қызмет атқаруда. Бар ынта-ықыласымен тәжірибе жинап жүрген жас дәрігер қиындығы мен қызығы қатар жүретін мамандықтың жүгі жеңіл емес екендігін жасырмайды

- Әрине, науқас адамдармен жұмыс жасау оңай емес. Олардың ішінде ауырып тұрған соң көңіл күйі болмай, тіпті арасында дауыс көтеріп, ұрысып, ашуланатындары да жетерлік. Жас маман ретінде тәжірибемде түйгенім, дәрігер мамандығы  аса жауапкершілікті, шыдамдылықты, өз ісіңе деген сүйіспеншілікті қажет ететін ұлы мамандық. Бұл мамандықтың өзіне тән қызығы мен ауыр тұстары бар. Жанына шипа іздеп, бірінші Алладан, екінші ақ халатты абзал жандардан көмек іздеп келген әрбір адамға аса мейірімділікпен қарап, емделуіне ашық қадам жасап, өміріне сенім беріп қатарға қоссам, жеткен жетістігім сол болмақ. Науқастардың әрбіріне жіті көңіл аудару керек. Сапалы да адал қызмет жасасаң, ісің өрге басатыны даусыз. Жаныма жақын мамандықта мен үшін көпшіліктің алғысына бөлену аса маңызды, – дейді жас дәрігер.

Мыңдаған науқастарды кеселінен айықтыруға өзіндік үлес қосып келе жатқан жас маман алдына көмек сұрап барғандардың бетін қайтарып көрмепті. Өзінің қоғамға қызмет етуде ең әуелі қарапайым адамгершілік ұстанымдарын жоғары қоятындығынан ақ халатты абзал жанның  қандай қызметкер екенін байқауға болады.

P.S Иә, аурудың жасқа да, кәріге де қарамастан, ұрымтал жерден соғатыны ақиқат. Осындайда, қыл үстіндегі адам тағдырын арашалаушы ақ халатты абзал жандар көмекке келеді. Сондықтан да, осынау мерейлі мамандық иесі алтын қолды дәрігерлер қауымына бесіктегі баладан есіктегі қарияға дейін айтар алғысы шексіз екендігіне шүбәміз жоқ. Адам денсаулығының сақшылары ақ адал еңбектерімен көпшіліктің қошеметіне бөленіп жүр. Қаншама жанның өміріне арашашы, дертіне дауа табушы маман иелеріне әрқашан сенім артамыз! Ақ жүрек пен аялы алақан иелерінің алдағы кәсіби төл мерекелері құтты болсын!

Ақсәуле Хамзина

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале