28.11.2017, 15:18
Оқылды: 28

Жаңажолда жерлестер форумы өтті

Жаңақала ауданының Жаңажол ауылдық округінде «Туған жер -  алтын бесік, асыл анам» атты жерлестер форумы өтті.

Шараға жиналған қонақтарды ауылдық округ әкімі Аслан Қанатұлы бастаған топ ауыл іргесінен ақ дәм ұсынып, қарсылап алды. Форумда Жаңажол ауылынан шыққан танымал тұлғалар, жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалығы басшылары бас қосты. Атап айтсақ, шараға аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин, Зеленов ауданы, Щапов ауылдық округінің әкімі Айтқали Әбжанов, Зеленов ауданының мәслихат депутаты, жеке кәсіпкер Нұрлыбек Хайруллин, «Көшім» асылтұқымды жылқы шаруа қожалығының жетекшісі Наурыз Бекмашев, «Сәбен» шаруа қожалығының жетекшісі Хамит Сәбенов, тағы да басқа осы елде туып-өскен азаматтар қатысты.

Бұл күні  «Менің жүрегім - Айдархан» атты жарықтық диотты жазудың ашылу салтанаты елдің қуанышын еселей түскендей еді. Жүрек белгісі орнатылып, әріптері әсем безендірілген жазу ауылдың ажарын ашып тұрғандай. Бұған «Ауылым, елім, туған жерім!» деген жергілікті шаруа қожалығы басшылары демеушілік жасап, өздерінің туған ауылдарына осындай қолтаңба қалдырғандары көпшіліктің көңілін сүйсінтті.

Мұнан кейін де жақсы дәстүр жалғасып, ауылдық округ әкімдігі ғимаратының алдында «Құрмет тақтасы» ашылды.  Тақтаға ауылдың өсіп-өркендеуіне, әлеуметтік-дамуына өз үлестерін қосқан, түрлі сала мамандары еніпті. Айта кетсек, «Құрмет тақтасы» әр жыл сайын жаңартылып, жыл соңында құрмет тақтасында тұрғанын растайтын сертификат беріледі екен.

Кейін меймандар Отан үшін ұрыс даласында жан қиған майдангерлердің рухына тағзым етіп, «Мәңгілік алау» жанына және құйрықты жұлдыздай жарқ еткен, айтулы айтыскер ақын Асылбек Ишановтың мүсініне гүл шоқтарын қойды. Жаңажол ауылының мақтанышы, жас ақын Айдос Садихов Асылбекке арнау өлеңін оқыды. Бұдан кейін қонақтар Айдархан жалпы орта білім беретін мектебіне бас сұғып, мектеп мұражайын тамашалап, арнайы жасақталған кітап көрмесімен танысты. Ұзамай мектеп акт залында «Туған жер – алтын бесік, асыл анам» атты жерлестер форумы бастау алды. Ауыл әкімі Аслан Қанатұлы қонақтарға «қош келдің» айтып, басқосуды ұйымдастырудың негізгі себептеріне тоқталды.

Мақсат -  мемлекет басшысы Н.Назарбаев нұсқаған «Туған жер» бағдарламасы аясында алыста жүрген ауылдастардың туған өңірлерімен байланысын арттыра түсу.

Жерлестер форумына келген барлық қонақтардың да ниеті мен мақсаты сол болды. Осындай мақсатта аудан әкімі Н.Қарағойшин ауылға спорттық алаң салып беруге ниет білдірсе, «Көшім» асылтұқымды жылқы шаруа қожалығының жетекшісі Наурыз Бекмашев туған жерінде жүзеге асатын қандай да бір іске 1 миллион теңге көлемінде  қаржылай қолдау көрсетуге уәде етті. Ал, Зеленов ауданының мәслихат депутаты, жеке кәсіпкер Нұрлыбек Хайруллин ауылдың кіреберіс қақпасын салдырып, ауылдың төлқұжатын жасатуға дайын екендігін жеткізді.  Не керек,  басқа да аты аталмаған жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалығы басшылары, атымтай азаматтар ауылға  6 миллион теңге көлемінде өз үлестерін қосатын болды.

Форум жұмысы арнайы жазылған «Аялы мекен - Жаңажол» атты ауыл әнұранын аудандық мәдени демалыс орталығының директоры Ербол Ақбасовтың шырқауымен мәресіне жетті (әнұранның сөзі Шерхан Талаптікі, әні Ербол Ақбасовтікі).

Жаңажолда алғаш рет ұйымдастырылып отырған жерлестер форумы көптің көңілінен шықты.

Алтынбек ЕРМЕКҚАЛИЕВ,

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале