19.03.2018, 16:18
Оқылды: 63

Жәнібектегі жаңа шағынаудан Наурыз мейрамын атап өтуде

  Жәнібек  ауылындағы  «Жастар» шағын  ауданының  тұрғындары   өздерінің көшесінде  Ұлыстың  ұлы  күні ‒ Наурыз мерекесіне  орай киіз үй  тігіп, мерекені атап өтті. Киіз үй ұлттық нақышта, халқымыздың  ұлттық бұйымдарымен  безендірілсе, ақ  дастархан  қазақтың ұлттық  тағамдарымен толтырылды. Мерекелік жиында аудан әкімі Азамат Сафималиев, мекеме және бөлім басшылары, ақсақалдар мен әжелер жайылған ақ дастарханның құрметті қонағы болды.

Мерекелік шара театрландырылған көрініспен басталып, шара барысында  көше тұрғындары  қазақ халқының ежелден келе жатқан «Аластау», «Тұсаукесер» дәстүрлерін көрсетті. Аталмыш көшенің тұрғыны Сырымбек Жапақов көше тұрғындары мен қонақтарын құттықтап, шараның маңызына тоқталды. Мерекені тамашалауға келген халық қазақтың ұлттық тағамдарынан  дәм татты. Ал әншілердің кезекпен орындаған әсем әндері мерекені одан әрі қыздырып, халыққа керемет көңіл күй сыйлады. Ұлттық спорттық ойындары асық ату, аударыспақ, арқан тартыста спортшылар өнер көрсетті. Жеңіпаз спортшыларға медальдар мен сыйлықтар табысталды.

Бүгінгі шара  қазақ халқы қашаннан құрметтеп сыйлаған, ұлт мәдениетінің тағы бір көрінісі болып саналатын көршілік татулықты дәлелдейді. Көршімен сыйластық – елдің сыйластығын, көршімен татулық – қоғамның татулығын ұқтырады. Алдағы күндері тағы бірнеше көшеде киіз үйлер тігіліп, әр көше мерекені думандатып тойлауды жоспарлап отыр. Осы ретте «көше тойларында» дайындалатын ұлттық тағамдарға арнайы әділқазы алқасы құрылған болатын. Мереке соңында жеңімпаз көшелер анықталады.

zhanibek (3) zhanibek (2)

Әсемгүл Әбділдақызы

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале