5.03.2018, 13:56
Оқылды: 260

Жаскелең Ғайсағалиевтің ән кеші өтті

zhaskelenАқжайық ауданының орталығы – Чапаевта Қазақстан Композиторлар Одағының мүшесі, «Ерен еңбегі» үшін медалінің иегері Жаскелең Ғайсағалиевтің «Ән-махаббат» атты шығармашылық кеші өтті.

Жаскелең Орынбасарұлы Сырым ауданының Жосалы ауылында дүниеге келген. Балауса шағынан ән байқауларына қатысып, аудандық, облыстық фестивальдерде жүлделі орындарға ие болды. «Әнші бала» атанған Жаскелең кейін Жосалы кеңшарының Мәдениет үйі жанында ұйымдастырылған алғашқы «Назқоңыр» жастар эстрадалық ансамблінің мүшесі болды. Жылдар жүзінде өнерде айтулы жетістіктерді иеленді. Әйгілі композитор Шәмші Қалдаяқов әндерін орындаушылар конкустарының, Москва қаласының 850 жылдығына арналған Халықаралық фестивальдің лауреаты атанды. Алты алашқа аян композитор, әнші Ескендір Хасанғалиевтың «Атамекен» Республикалық фестивалінің «Гран-При» иегері.

Кеш иесінің орындауында Мұңайдар Балмолданың «Айлар мен жылдар», «Немерем», «Үйге апаратын жол», «Ән өлке», «Жосалы», «Қара көз», Тұманбай Молдағалиевтің «Әлия, Мәншүк немесе музейдегі ой», Ерікқали Ахметовтың «Әкені аңсау», «Анаға сый» әндері залды тебіреніс толқынына бөледі.

Шығармашылық кеште белгілі өнер иелері Қанатқали Қожақов, Жаңылсын Хасанова, Қадыр Мырза Әли атындағы өнер және мәдениет орталығының көркемдік жетекшісі және бас режиссері Жәмиға Камалова, Рүстем Кереев, Қанағат Жанболат, Медет Образов, Асланбек Қуаналиев, Омар Хибашев, Расим Жұмағалиев жұртымыз сүйген әндерді әуелетіп, қалың көпшіліктің қошеметіне бөленді.

Аудандық мәслихат хатшысы Сәлімгерей Сиражев кеш иесін мерейлі 50 жасымен құттықтап, оған аудан әкімінің Алғысхатын, естелік сыйлықтар табыстады.

Нұрхат МАҒЗОМОВ

Ақжайық ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале