22.01.2021, 12:42
Оқылды: 41

«Жедел жәрдемге» жедел жәрдем керек немесе Тасқұдықтағы жиналыста халық неге сергек отырды?

Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев пен облыстық мәслихаттың депутаты Ғанимат Нұрмұханов Тасқұдық ауылындағы әлеуметтік нысандарды аралады.

0E73E5CB-6822-4A00-95E5-52D13FEB727D

Олар алдымен Тасқұдық медициналық пунктінде болды. Фельдшер Гүлдана Қазиеваның айтуынша, пунктке 323 адам тіркелген. Жұмыс қалыпты жүруде. Алайда Тасқұдықтағы медициналық қызметкерлер сол қалыпты жұмысты жаяу жүріп атқару, кейде жеке көлікпен жүріп жасауға мәжбүр. Себебі «Жедел жәрдем» көлігінің «шаруасы біткен», көліктің өзіне жәрдем керек. Аудан орталығынан шалғай әрі қыстай қар мен көктем – күзде балшықтан арылмайтын Ақсайға барар жолдың бойында орналасқан Талдыбұлақ, Тасқұдық, Қазақстан елді мекендерінің күнін бір көлікке қаратып қою қаншалықты дұрыс?

Оның үстіне пункттің жылу жүйесінде де ақау бар екен. Қазандығын жаңалау керек көрінеді.

Есептік жиналыс Тасқұдық мәдениет үйінде өтті. Халық сергек отырды. Өйткені мәдениет үйінің де жылу жүйесі дұрыс жұмыс жасамайды екен. Салқын жерде сергек отырмай, қалай отырасың?

981F642A-2352-438A-A81C-E2DABE74B8CC

Жиналыс біткесін аудан әкімі мен облыстық мәслихат депутаты мекеменің жылу қазандығы орналасқан бөлмеге арнайы барып, жылу жүйесінің жұмысын көрді. Бөлмеде жардай екі қазандық тұр. Біреуі – жұмыс істеп тұр. Бірақ әлсіз. Екіншісі – қосалқы екен. Біздіңше, қосалқысының сол тұрғаны тұрған сияқты. Батареяларды тазалау, құбырларды ауыстыруды айтпағанда, қазандықтардың да хал-ахуалын біліп алу керек секілді.

Айта кетейік, Тасқұдық мәдениет үйі – ауылдың рухани шаңырағы. Кітапхана, пошта осында орналасқан. Ғимарат жылымай халық үшін жылы шаңыраққа айналмайды-ау!

Мәселелерге билік өкілдерінің өздері аяқтай келіп қанықты. Айтылған жерде қалмасын деп, біз ақпарат бетіне жариялап отырмыз.

 Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале