12.12.2019, 21:31
Оқылды: 67

«Желтоқсанның ызғары» драмасы сахналанды

Ақжайық аудандық халықтық драма театры Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы, драматург Серік Асылбекұлының «Желтоқсан ызғары» драмасын сахналады.

DSC_0071

Оқиға желісі ұлтжанды азамат Баймырзаның (Құрман Жанұзақұлы) шаңырағында өрбиді. 1986 жылы 16 желтоқсанда орын алған жастар демонстрациясының кейіпкері Қайсар (Арман Шыңғали) осы оқиғадан кейін інісін іздеп шыққан Ақмаралды (Перизат Темірболатова) жала жауып, жазаға тартпақ болған жендеттерден арашалап алып, екеуі бой тасаламақ болады. Сөйтіп Баймырзаның үйін паналайды. Отағасының өзі де Кенесары хан туралы жазған мақаласы үшін 10 жылға Сібірге айдалып, аман оралған жан екен. Сондықтан еркіндікке, жаңа саяси өзгеріске ұмтылған жастардың үйіне келіп, бас сауғалауын жақсылыққа жорып, бәйбішесі Талшынның (Гүлжамал Кайбалиева) қарсы болғанына қарамастан, шаңырағын паналатады. Көрші-көлемге Қызылорда жақтан келген туысымыз деп таныстырып, күнделікті тірліктерін жалғастыра береді.  Алайда КГБ-ның жансызы Тимур Қалдыбаевичтің (Қанатқали Оңғар) сатқындығының салдарынан жалынды жастар жендеттердің қолына түседі. Спектакльдің қоюшы режиссері, мәдениет саласының үздігі Мұсағали Бектенов кәсіби емес әртістер арқылы оқиға сюжетін толық жеткізе білді. Жастардың жанұшыра әділет іздеуі, жарамсақ қулар мен сатқындардың опасыз тірлігі зал толы көрерменнің көңілін тебірентпей қоймады. Қазақы дархандық пен ұлтжандылықты ту еткен ақсақалдың жанұясы да өскелең ұрпаққа үлгі болғандай.

DSC_0130

Қойылым соңында аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов халық театры ұжымына алғысын білдірді: «Репертуарында бірнеше қойылымы бар аудандық драма театр 2017 жылы халықтық атағына ие болды. Театр актерлері түрлі саланың мамандары болса да, қойылымдарды сахналауда мол тәжірибе жинақтап үлгергендігін бүгін тағы да дәлелдеді. «Театр – хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер» деп жазушы Ғабит Мүсірепов айтқандай, бүгінгі сәтті шыққан қойылым өскелең ұрпақты тарихтың өткен сол беттеріне, ызғарлы күндердің естелігіне  бойлатты. Жиналған көрермен үлкен әсер алып, жәй бақылаушы емес, солақай саясаттың құрбаны болған жастардың жай-күйін залда отырып-ақ сезінді деп есептеймін».

Сонымен қатар аудан басшысы қойылым режиссері Мұсағали Бектеновке алғысхат пен естелік сыйлық табыстады.

Рауан Сатыбалдиев

суреттерді түсірген Азамат Қанапия

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале