30.05.2019, 17:24
Оқылды: 52

Жұбан Молдағалиевтың мерейтойы республика көлемінде аталып өтіледі

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ақжайық ауданы Тайпаққа келіп, еңбек ұжымдарымен, тұрғындармен кездесті.

gali esqaliev (2)

         Ғ.Есқалиев өңірімізде ауыл шаруашылығы саласындағы ілгерілеушілікті, әлеуметтік қамсыздандыру, білім саласындағы бірқатар бастама туралы кеңінен айтты. Келер жылы ғасырлық тойы тойланатын ақиық ақын Жұбан Молдағалиевтың мерейтойы республика көлемінде аталып өтетінін әңгімелеп, Чапаевта бой көтеретін Жұбан орталығының құрылысын жүргізгелі отырған аудан кәсіпкерлеріне ризашылығын білдірді.

Шара барысында Тайпақ ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғинолла Садыров Жайық өзенінің мәселесін, су арналарының тартылып, көлтабандарға су жетпей жатқанын көтерді. Сонымен қатар Тайпақ ауруханасындағы кадр тұрақсыздығын, ауруханада бірнеше дәрігердің жетіспейтіндігін айтты.

         Алмалылық кәсіпкер-бақшашы Марат Сағынаев, «Сағи» шаруа қожалығының жетекшісі Болат Ғабдуалиев бақша алқаптары үшін судың жеткіліксіздігін қынжыла айтты.

         Облыс әкімінің бірінші орынбасары Жайық өзеніндегі су деңгейінің төмендеуіне байланысты мәселелерді шешуге жақын күндері облыс әкімімен бірге Ресей Федерациясының Орынбор облысына сапарлайтынын әңгімеледі. Бұл түйткіл шешілсе ен далаға қан жүгірер еді.

         Облыс әкімінің бірінші орынбасары әр салада өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлестері үшін бірқатар азаматты облыс әкімі Алтай Көлгіновтың алғыс хатымен марапаттады. Олардың ішінде мысалы, «Балбұлақ» бөбекжайының меңгерушісі Нұрмира Иманғалиева, Тайпақ ауылдық ауруханасының көз дәрігері Жанар Жаналиева, «Мақсат» шаруа қожалығының иесі, белгілі базаршоландық атбегі Құбайдолла Биғазиев сынды мақтаулылар бар.

gali esqaliev (3)

Ғ.Есқалиев сондай-ақ Тайпақ орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің тыныс-тіршілігімен танысты.

Бекболат Қаленов,

Ақжайық ауданы

суретті түсірген автор

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале