23.06.2017, 21:37
Оқылды: 63

Жусандыойдан ән есті

Karatobe jusandi oi   Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғырту» атты мақаласында ұлттық кодты сақтай отырып, ұлттық сана-сезімінің көкжиегін кеңейту туралы айтқан болатын. «Салт-дәстүріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» - деді.


     Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының мұрындық болуымен  «Ауылдан сәлем» жобасы аясында Жусандыой ауылдық округінің көркемөнерпаздары «Ауылым – алтын бесігім» атты концерттік бағдарламасын тарту етті.

    Аталмыш шара барысында ауылдың өткені  мен бүгіні, ауылдан шыққан  таланттары турасында бейнероликпен бастау алды. Жусандыой ауылдық округінің өнерпаздары Қадыр орталығының сахнасын ән мен жырға бөлеп, күймен көмкерді.

     Орал қаласының тұрғындары және де аталмыш қаланы мекен еткен жерлестеріміз барып, ауылға деген сағыныштарын басып, бір марқайып қалды. Сахна төріне Дәулет Нұрланұлы ауылдан сәлем жеткізгендей әсер қалдырған «Ассалаумағалей-күм!» әнін шырқап, көрермендер ықыласына бөленді.

        Облысымызға белгілі Мұхит, Ғ.Құрманғалиевтің әндерін шырқап жүрген Асхат, Фархат Оразовтар, Жақсылық, Армат Исламғалиевтер терме айтып, тыңдар құлаққа жағымды термелерімен облыс тұрғындарын өнерлерімен тәнті етті.

    Жусандыой ауылының тумасы, әнші, сазгер Таңат Жексенбаевтің туған жеріне арнап шығарған «Жусандыой вальсі» әнін Азамат Амангелдіұлы, Дәулет Нұрланұлы  әуелете шырқады.

     Жерлесіміз Ескендір Хасанғалиевтің әні «Асыл арманды» Қайырбек Тәменов, «Ауылымды» Махамбет Әжіғалиев, «Елге сапарды» Нұрғиса Орынғалиев, «Еркелеші, ерке қызды» Азамат Жаметов сынды өнерпаздар шырқады. Концерттің соңы Қ.Мырзалиевтің сөзіне жазылған Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен»        әнімен қорытындыланды.

    Жусандыой ауылдық округінің әкімі Талап Қазиев сөз сөйлеп, ауыл көркемөнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаны көруге келген көрермендерге ыстық ықыласын білдірді.

Тоты ЕСҚАЙЫРОВА

«Қаратөбе өңірі»

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале