9.10.2017, 17:08
Оқылды: 39

Жымпитыда қоғамдық орында шылым шеккен 65 адамға айыппұл салынған

Сырым аудандық ішкі істер бөлімі «Өзіңнен баста!» акциясын ұйымдастырды.

Кешегі аптада Сырым аудандық ішкі істер бөлімінің ЖПҚ учаскелік полиция инспекторларының жұмысын ұйымдастыру инспекторы, полицияның аға лейтенанты Жасболат Мұхамбетжанов пен учаскелік полиция инспекторы, полиция лейтенанты Абат Науашев аудан орталығындағы тұрғындарға түсінік жұмыстарын жүргізуге шықты.

Көп ескертулер көлік жүргізушілері мен қоғамдық тамақтану орындарының иелеріне айтылды. Өйткені мамандардың айтуынша,  белгіленбеген орында шылым шегу, тұрмыстық қалдықтарды белгіленбеген орынға тастау оқиғалары көбіне көліктегі жолаушылар мен тамақтану орындарына келген азаматтардың тарапынан болып жатыр екен. Тәртіп сақшылары тұрғындарға құқықбұзушылықтың салдарының басы айыппұлдан басталып, аяғы бас бостандығынан айыруға дейін апаратынын ескертті. Ескерту еленбеген жағдайда шара қолданылады.

Өкінішке орай, жағдайды шара қолдануға дейін шиеліністірген адамдар бар екен. Биыл ҚР Қылмыстық кодексінің 434-бабы бойынша қоқыс қалдықтарын лақтырған 19 хаттама толтырылып, іс аудандық сотқа жолданған. Тиісті емес орында темекі шегіп басы бәлеге қалғандардың саны тіпті көп. Биыл бұл іс бойынша 65 тұлғаның үстінен хаттама жазылып, айыппұл салыныпты. Көріп отырғанымыздай, заң бұзу – азамат үшін ұят қана емес, экономикалық шығын да. Қазіргі күні айыппұлдың мөлшері аз емес екенін ел біледі.  Бұл шығын кімге керек? Сондықтан, тәртіпті болуды әркім өзінен бастаса екен.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале