Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы биыл Рамазан айы елімізде 24 сәуір күні басталатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі іргелі зерттеу орталықтарының бірі болып табылатын В.Г.Фесенков атындағы «Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы» мекемесінің ғылыми мәліметіне сүйеніп, сондай-ақ көрші Өзбекстан және Қырғызстан мұсылмандары діни басқармаларымен кеңесіп, Рамазан айының басталатын күнін белгіледі. Шариғат үкімі мен ғылыми зерттеу жұмысының қорытындысына сәйкес, мұсылмандар асыға күтетін рамазан айы биыл елімізде 24 сәуір күні басталатын болды», - деді Бас мүфти. Осы орайда ол шариғат бойынша балиғатқа толған, ақыл-есі дұрыс әрбір мұсылманға Рамазан айында ораза ұстау парыз екенін еске салды. «Алайда жолаушыларға, сырқаттанған немесе денсаулығы нашар адамдар ауруының асқынуынан қауіптенсе және сенімді дәрігер ұзақ уақыт бойы ашығудан денсаулығы күрт нашарлап кетуі мүмкін деген шешім қабылдаса, сондай-ақ жүкті немесе омырауда баласы бар әйелдерге ораза тұтуды кейінге қалдыруға шариғат рұқсат береді», - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
zhaikpress.kz