Облыс әкімі Ғали Есқалиев Ақсай қаласындағы медицина қызметкерлеріне арналған жатақхананың күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты.
Өткен ғасырдың 1938 жылы теміржолшылардың ауруханасы болып салынған ғимарат соңғы бес-алты жылдан бері қаңырап қалған болатын. Былтыр аудан әкімдігі аталған ғимаратты алып, медицина қызметкерлеріне арналған жатақхана салуды ұйғарған. Қазіргі таңда Ақсайда 100-ден астам дәрігер мен медқызметкер жетіспейді. Жатақхана әр жас маманның басты мәселесін шешуге өз септігін тигізбек.
Құрылыс жүргізіп жатқан компания басшысы Орынбасар Кушев жатақхана ғимаратын жөндеуге 70 миллионнан астам қаржы бөлінгенін, жұмыстар үш ай ішінде аяқталатынын айтады.
Құрылыс нысанын аралап көрген өңір басшысы ғимарат ішінде тек бөлмелер емес, тамақ дайындайтын орындар мен көңіл көтеруге арналған бөлмелерді әзірлеуді тапсырды.
Аудан әкімі Миржан Сатқанов дәрігерлерге арналған жатақхана ғимаратының жөндеу жұмыстары аяқталған соң жас ұстаздарға арналған жатақхана салсақ деген жоспары бар екенін тілге тиек етті.
Түгелбай Бисен
zhaikpress.kz