4.05.2024, 15:13
Оқылды: 60

Ауруға шалдыққандардың басым бөлігі екпеден бас тартқан

Өңірлік коммуникциялар қызметі алаңында өткен брифингте Батыс Қазақстан облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаев облыстағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты екенін айтты.

IMG-20240504-WA0113

Мұхамғали Қайыржанұлының айтуынша, өңірде топтық сырқаттану, құтыру, тырысқақ, оба, сібір жарасы сияқты аса қауіпті инфекциялар, сондай-ақ дифтерия, қызамық, іш сүзегі, полиомиелит, безгек, сіреспе жағдайлары тіркелмеген. Сонымен қатар жіті ішек инфекцияларының эпидемиологиялық жағдайы да жақсы. Сырқаттанушылық өткен жылдың деңгейінде қалған.

Облыстың бас санитары дизентерия өткен жылмен салыстырғанда 14 жағдайға төмендегенін, сальмонеллез жұқпасы 8 жағдайға төмендегенін ерекше атап өтті.

-:Су тасқыны орын алған Қаратөбе, Сырым, Бөрлі, Теректі, Бәйтерек аудандары мен Орал қаласында жіті ішек жұқпалары тіркелген жоқ. Облыс бойынша жедел А вирустық гепатитінің 9 жағдайы тіркелді. Былтыр осындай кезеңінде аталған аурудың 12 жағдайы тіркелген болатын. Облыста тіркелген А вирустық гепатиттің барлық жағдайын су тасқынымен байланыстыруға келмейді. Аурудың өсуіне вакцинация арқылы қалыптасатын осы індетке қарсы иммунитеттің төмендеуі себеп болды. Бүгінгі таңда жоспарланған вакцинадан басқа А вирустық гепатитіне қарсы толықтыра вакцинация жүргізіліп жатыр, – деді Мұхамғали Арыспаев.

Спикер өз сөзінде А вирустық гепатитінің алдын алу мақсатында уақытша орналастыру пункттерінде жоспарлы екпенің уақытын өткізіп алған 14 жасқа дейінгі 28 балаға вакцинация жасалғанын айтты.

- Паразитологиялық жұқпалары бойынша эпидемиологиялық жағдай жалпы тұрақты. Описторхоз жағдайлары бойынша сырқаттанушылық 8 жағдайға төмендеді. Описторхоз биыл 4 айда 38 жағдай болса, былтыр осы кезеңде аталған аурудың 46 жағдайы орын алды. Эхинококкоз 3 жағдайға төмендеді. Былтыр осы кезеңде эхинококкоздың 12 жағдайы тіркелген болатын. Сонымен қатар бруцеллездің 5 жағдайы тіркеліп отыр. Бұл былтырғы 4 айдағыдан 1 жағдайға төмен. 4 айда белсенді туберкулездің 107 жағдайы тіркелді, сырқаттанушылық өткен жылмен бір деңгейде. Туберкулездің асқынған жағдайы тіркелген жоқ, – деді Мұқамғали Арысбаев.

Облыстың бас санитары өңірде қызылша жұқпасының эпидемиологиялық жағдайы әлі де тұрақсыз екенін атап өтті. Осы кезге дейін қызылшаның 853 жағдайы тіркелді. Соңғы екі айды салыстырсақ сәуір айында сырқаттанушылық 33% - ға төмендеген. Науқастардың негізгі бөлігін екпе жасындағы балалар мен екпе жасына жетпегендер және вакцинадан бас тартқан ата-аналардың балалары құрап отыр. Қызылша ошақтарында қарым-қатынаста болған тұлғаларға медициналық бақылау орнатылып, эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша шұғыл вакцинация жасалды.

- Қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундау 46778 бала егілді. Облыс бойынша көкжөтелдің расталған 13 жағдайы тіркелді. Ауырғандардың басым бөлігі 1 жасқа дейінгі балалар. Жасқа толмаған 10 бала көкжөтелге тап болса, 1 жастан 5 жасқа дейінгі балалар арасында 3 жағдай тіркелді. Ауырған балалардың барлығы ата-аналарының бас тартуына байланысты екпемен қамтылмаған, - деді Мұхамғали Арыспаев.

Түгелбай Бисен, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале