4.05.2024, 16:17
Оқылды: 46

Сайлау процесін пысықтауға арналған семинар өтті

Орал қалалық сайлау комиссиясы учаскелік комиссия мүшелеріне сайлау кезіндегі іс-әрекеттердің алгоритмдерін пысықтау мақсатында семинар өткізді. Айта кетейік, Орал қаласындағы Деркөл ауылының әкімін сайлау 2 маусымға белгіленген болатын.

WhatsApp Image 2024-05-04 at 12.09.40

Шараны ашқан қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Мұхтар Дәулетжанов әріптестерін сайлау барысына барынша назар аударып, оны заңға сәйкес ашық әрі заңды түрде өткізуге шақырды. Сондай-ақ уақыт барда дайындалу керектігін, заңнаманы зерделеу, барлық талаптарды білу және әрбір сайлаушыға дауыс беру мүмкіндігін жасау үшін жағдайларды болжауға тырысу қажет екендігін атап өтті.

Қалалық сайлау комиссиясының мүшелері Нариман Мүстиев, Әсия Жумина және Аслан Шахаров байқаушыларды, сенім білдірілген адамдарды тіркеу, сайлаушылар тізімдерін нақтылау және басқа да маңызды жайттар бойынша түсініктемелер берді.

Іскерлік ойын барысында сайлау учаскелерін ашу, бюллетеньдерді санау және дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде дауыс беруді ұйымдастырған кезінде жіберілетін қателіктерді болдырмау жағы қарастырылды. Әріптестер бірін-бірі түзетіп, жаңадан келгендермен тәжірибелерімен бөлісіп, шешуі жоғары тұрған органдардың құзырына жататын жергілікті мәселелерді ортаға салды.

Семинар сайлауды ұйымдастырудың мықты және әлсіз жақтарын анықтауға және барлық нюанстарды пысықтауға мүмкіндік берді.

Сондай-ақ комиссия мүшелері сайлау процесіне қатысушыларды тіркеу үшін қажетті құжаттарды алды.

Қазір 7 мамыр күні сағат 18:00-ге дейін Деркөл кенті әкімі лауазымына саяси партиялар мен өзін-өзі ұсынған кандидаттарды ұсыну процесі жүріп жатыр, 12 мамырдың 18:00-де кандидаттарды тіркеу аяқталады. Деркөл кенті әкімі сайлауы бойынша Орал қаласының 7 учаскелік сайлау комиссиясы жұмыстанады.

Орал қалалық сайлау комиссиясы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале