16.06.2020, 10:14
Оқылды: 79

Оралда аула клубтарының жеткіншектері қамшы өріп, арқан есіп, тері илеуді үйренуде

Бір кездері жоғалып кете жаздаған қазақтың қамшы өру, қайыс илеу, жүген мен ноқта жасау сияқты қолөнері қайта жанданып келеді. Осы күні Орал қаласындағы аула клубтары да өру өнерін меңгерген ұстаздарды қатарына қосып, жастарды осы кәсіпке баулуды қолға алған. Бүгінгі кейіпкеріміз Қайырбол Қарақойшиев те бар білгенін балаға үйретіп, саф өнеріміздің қайта жандануына өз үлесін қосып жүрген жандардың бірі.

Kamshy

Қаратөбе ауданында туып-өскен ол 1996 жылы облыс орталығына қоныс аударады. Келісімен мәдени-ағарту бірлестігі жанындағы  «Арай» аула клубына спорт әдіскері болып жұмысқа тұрады. Кейін өзі тұратын қала сыртындағы Деркөл кентіне қарасты Вителки ауылының мәдениет үйі жөнделген соң оның жанынан «Болашақ» атты аула клубының құрылуына атсалысып, сол жерге жұмысқа орналасады. Осылайша біраз жылын ауыл бүлдіршіндерін шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, волейбол, футбол сынды спорт түрлеріне баулуға арнайды. Биыл қыста ұлттық құндылықтарымызды қайта жаңғырту мақсатында біраз жобаны қолға алған мәдени-ағарту бірлестігінің басшылығы арнайы шебер алдыртып, қамшы өріп, арқан есіп, жүген жасай білетін жетекшілердің білімдерін жетілдіру үшін шеберлік сағатын өткізген. Қайырбол Нұрғалиұлы да мүмкіндігін мүлт жібермей, оған  қатысуға ниет білдіреді.

– Балалық шағым ауылда өтті. Қайыс өруден хабарымыз бұрыннан бар еді. Басшымыз Серік Тоқмамбетов Сырым ауданынан арнайы шебер алдырып, біліктілігімізді арттырып, ұмытқан жерлерімізді еске түсірдік. Содан ақпан айынан бастап мықтап іске кірістік, – дейді  кейіпкеріміз.

Kamshy 2

Бар білгенін балаларға үйретіп жүрген шебердің айтуынша, жеткіншектер арасында ұлттық өнерге деген қызығушылық жоғары екен. Оқушылар қосымша сабақтан тыс мезгілде де шеберліктерін жетілдіріп отыратын көрінеді. Тіпті ұстазының үйіне келіп, қосымша сабақ алуды әдетке айналдырған шәкірттер бар. Ол Аңсар Ғариполов, Айнұр Көнеева, Ислам Алабасов сияқты оқушыларының қабілеті ерекше екенін айтады. Олар осы күні төрт және сегіз өрімді толық меңгеріп алған. Үйірмеге келген жеткіншектер тайларына арнап ноқта, ірі қараға қажет бас жіпті өздері өріп алады. Осы күні шеберлігі толысқан балалар он, он екі, он алты өрімді үйренуде, жүген жасауға кіріскендері де бар.

«Қайта түлей бастаған өнерімізді дамытып, кейінгі ұрпаққа үйрету біздің міндетіміз», – дейтін Қайырбол Нұрғалиұлы жүргізетін үйірме жұмысы туралы ұзынқұлақтан естіген жастар, соның ішінде студенттер келіп, сабақ алып жүргендігі қуантады.

– Өруді біраз меңгердік. Алдағы уақытта тері илеу ісін де қолға алатын боламыз. Ауылда осы істің шебері Хамидолла Есбаев деген ағамыз бар, ол көмектесуге дайын. Мәдени ағарту бірлестігің басшылығы да бастамамызға қолдау білдіретінін айтты, – дейді Қайырбол Қарақойшиев.

Осы мәселені айтып мәдени-ағарту бірлестігінің басшысы Серік Тоқмамбетовке хабарласқанымызда ол ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртудың бір жолы – оны аула клубтары арқылы насихаттау екенін айтып, бастамашы ұстаздардың идеялары қашан да қолдау табатынын жеткізді.

Түгелбай Бисен,

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале