Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығына орай облыстық полиция департаменті, әскери қызметкерлер, төтенше жағдайлар департаменті және кеден қызметкерлерін Құрмет грамоталарымен марапаттады.
Салтанатты шарада облыс әкімі облыстық полиция департаментінің алдында сап түзеген құқық қорғау органдарының қызметкерлерін Қазақстан Республикасы Конституциясының өмірге енгеніне ширек ғасыр толуымен шын жүректен құттықтады.
– Қазақстан Республикасының Конституциясы – азаматтарға демократиялық ұстанымдарға теңдік пен бостандық беретін қастерлі құжат. Конституция – біздің тәуелсіздігіміз бен еркіндігіміз. Ата Заңымызда адамзат үшін аса қажет бұл құндылықтар айқын айтылған. Еліміздің әр азаматы осы құндылықтарды құрметтеп, жоғары деңгейде ұстауы қажет. Конституцияда анық жазылып, көрсетілген бағалы, маңызды да мәнді осы ұстанымдарды жүзеге асыруда құқық қорғау органдары қызметкерлерінің еңбегі зор.
Әлемді жайлаған коронавирус індетіне облыс жұртшылығы да тап болды. Бұл індетке қарсы күресте Сіздердің жұмысыңыз өлшеусіз. Облыс көлеміндегі құқық қорғау қызметкерлері қиындықтардың бел ортасында жүріп, адамдардың қауіпсіздігі жолында қатерге бас тігіп, ерлік пен еңбектің үлгісін көрсетті. Індетті ауыздықтау, оны жеңуге айтарлықтай үлес қосты. Сіздердің осынау жанкешті жұмысыңыз облыс аумағын мекен еткен әр адам үшін орасан маңызға ие. Алдағы уақытта да қызметтеріңізді адал, қалтқысыз атқарады деп сенемін. Сондықтан облыс тұрғындарының атынан баршаңызға алғысымды білдіріп, рақмет айтамын. Әрбіреуіңіздің отбасыңызға амандық, денсаулық, сәттілік тілеймін, – деді облыс әкімі өз сөзінде.
Бұдан соң Ғали Нәжімеденұлы індетке қарсы күресте мінсіз қызмет атқарған 30-ға жуық облыстық полиция департаменті, әскери қызметкерлер, төтенше жағдайлар департаменті және кеден қызметкерлеріне Құрмет грамоталарын салтанатты түрде табыс етті. Ол сондай-ақ індетпен күрес кезіндегі суреттер бейнеленген фотоколлажды құқық қорғау органдарына табыстады.
Нұрымбек Жапақов,
zhaikpress.kz