Әне-міне дегенше жаңа оқу жылы да басталды. Әйтсе де, елге төнген індет қаупі толық сейілді деуге ерте. Осыған сәйкес кей білім ордалары қашықтан білім берсе, кей мектептер дәстүрлі түрде оқыту үдерісіне көшуде.
– Бәйтерек ауданында 22 мектеп қашықтан, 24 мектеп дәстүрлі түрде оқытылмақ. Қашықтан оқытылатын білім ұйымдарында кезекші сыныптар бар. Олар ата-аналардың өтініші негізінде 1-4-сыныптар арасында жасақталды. Осы кезекші сыныптардың ашылатындығын естіген көптеген ата-ана өтініш берді. Бүгінгі таңда сол өтініштер қаралып, оардың 92 пайызға жуығы қанағаттандырылды. Ал баласының денсаулығына алаңдаған ата-аналардың 8 пайыздайы қашықтан оқытқанды жөн көрді. Дәстүрлі түрде оқытылатын білім ордаларына барлық бастауыш және негізгі мектептер енеді. Сонымен қатар бұл топқа интернет жылдамдығы баяу мектептер де қосылды. Олар біздің ауданымыздағы Егіндібұлақ, Шалғай, Батурин және Өркен мектептері. Жалпы, ауданымызда 8891 оқушы мектепке бару керек болса, оның 1274-і дәстүрлі түрде, ал қалғандары қашықтан білім алады, - дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Серік Сафиуллин.
Серік Нәженұлының айтуынша, қашықтан оқытылатын 5000-нан астам оқушының үйінде компьютер жоқ. Осыған орай, аудан мектептеріндегі пайдалануға келетін компьтерлердің тізімі жасақталып, тиісті конфигурациялары қойылып, үйден білім алатын 22 елді мекендердегі аз қамтылған 563 отбасыға берілген. Ол үшін ата-аналар мен мектеп арасында тиісті келісімшарттар да жасақталған. Ал қауқары жететін отбасылар балаларына компьютер, ноутбук немесе планшет сынды құрылғыларды өздері алып бермек. Сондай-ақ ауданымыздағы кейбір кәсіпкерлердің ішінде де «Мектепке жол» акциясы аясында оқушыларға планшеттер алып беріп жатқандары бар.
Қашықтан оқыту үшін интернет желісінің қажет екені айдан анық. «Қазақтелеком» АҚ тарататын кабельді интернетті барлық ауылда бар деп айту қиын. Ондай интернет желісі жоқтардың мобилді байланыс арқылы оқи алады. Бүгінде ұялы байланысты «Білім» тарифы іске қосылған. 1 гб интернеті бар тарифтің ақысы 990 теңге.
Ауданымыздағы орта білім беретін ошақтардың бірі – Қ.Аманжолов атындағы жалпы орта мектеп. Аталған білім ордасында бір мен төрт арасындағы сегіз сынып оқиды. Олар 11 топқа бөлінген. Жалпы бастауышта 167 оқушы болса, соның 126-сы штаттық режимде оқымақ. 287 оқушы қашықтан білім алады. Оның ішінде 189 оқушы бірінші ауысымда, 98 оқушы екінші ауысымда екен.
-Біздер қашықтан оқыту үшін «Онлайн-мектеп» платформасын таңдадық. Ата-аналардың өтініштеріне байланысты Білім және ғылым министрлігінің №345 бұйрығы негізінде және эпидемиологиялық талаптарға сай қаулыға байланысты мектепте кезекші сыныптар ұйымдастырып жатырмыз. Бүгінгі таңда балалардың парталары 1,5 метр қашықтыққа қойылды. Сонымен қатар Мұнайшы шағын ауданы мен Элеватор бағытындағы оқушыларға тасымал ұйымдастырылды. Алғашқысынан - 55, келесісінен 43 бала тасымалданады. Тасымал кезінде автобус ішінде қанша орын болса, оқушылар сонша орынға отырғызылады және орын санынан аспайды. Мектепке келген балаларды ауладан арнайы медбике қарсылап алып, денсаулығын тексереді. Егер дене қызу болса, бала үйіне қайтарылады, - дейді Қ.Аманжолов атындағы мектеп директоры Роза Тасанова.
Роза Төлеуқызы оқушыларды орналастыру жайын аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау басқармасынан сұрап білгенін айтады. Сөзінше, оқушы тасымалымен айналысатын автобустарға ауысым сайын дезинфекциялық жұмыстар жүргізіледі екен. Сонымен қатар көлік жүргізушіге санитарлық талаптарды сақтап, бетперде, қолғап киюі міндеттелген.
Бүгінгі таңда аудандағы білім ордаларына тепловизорлар, дизбарьер кілемшесі мен оған арналған сұйықтықтар, санитайзерлер мен део-хлорлар алынған. Санитайзерлер мектеп кіреберісіне және сынып бөлмелеріне қойылуда. Аудандық білім бөлімі басшысының айтуынша, балалар мектепке мүмкіндік болған жерде үш, егер ондай мүмкіндік болмаса екі жерден кіргізіледі. Осы ретте көпшіліктің ойына «Үзіліс кезінде сақтық шаралары қалай болар екен?», - деген сауалдың туындауы да ғажап емес. Алайда бұл мәселе де шешілген. Сабаққа кіру мен үзіліске шығу да әркелкі болмақ. Мәселен, бір сынып 8:30-да кірсе, келесі сынып одан он-он бес минут кейін кірмек. Содан кейінгі сыныптарға да осылай жасалады.
Өткен оқу жылының 4-тоқсаннан бері білім ошақтары қашықтан оқуға көшкені белгілі. Бастапқы апталардың қиындық туғызып, кейін келе олқылықтардың жойылғаны да көзі қарақты оқырман біледі. Бүгінгі таңда осы олқылықтар орын алмас үшін мектептердің қаншалықты дайын екендігін де сұрадық.
– Біз мүмкіндігімізше оқушыларымыздың өз бетінше дайындалуына көп көңіл бөлеміз. Аудиожазба арқылы кері байланыс жасаймыз. Себебі берілген тапсырмалардың орындалу деңгейі және бағыты, қай оқушыға қандай көмектің қажеттігін біліп бағамдап отырамын. Жаңартылған білім мазмұнына байланысты 11-сыныптарда аздаған кедергілерге тап болуымыз мүмкін. Алайда біз бұл қиындықтан шығамыз деген ойдамын. Өйткені аудан және облыс көлемінде химия пәні мұғалімдерінің чаты бар. Біз өзара байланысамыз. Телеграм арқылы республикалық чаттарға да кіреміз. Бір сөзбен айтқанда, бір-бірімізден көмек ала аламыз. Енді бізге қажеті ата-аналардың балаларын техникалық құралдармен қамтамасыз етуі. Интернеттің баяулығынан қиындықтар болуы мүмкін. Алайда WhatsApp желісі арқылы байланыса аламыз. Өткен 4-тоқсанда кездескен кедергілеріміз бен қиындықтарымызға, қателіктерімізге талдау жасадық. Қазіргі таңда онлайн мектеп платформасына қосылдық. Осыған орай оны барлық мұғалімдер оқып үйренуде. Қазір алдын ала сынақ сабақтар өтуде. Оған өздеріміздің де сабақтарымызды кірістіреміз. Өткен оқу жылының соңғы тоқсанында қашықтан оқу кезінде алғашқы аптада техниалық себептерге байланысты оқушылардың үлгерімі түсіп кеткен жағдайлар болды. Алайда бұл тығырықтан ата-аналар мен сынып жетекшілерін тарту арқылы өттік. Ал балаларды өз бетінше жұмыстануға бағыттағанда, қашықтан оқу кезінде еш қиындық тудырмайтынына көзім жетті, – дейді Қ.Аманжолов атындағы орта мектептің химия пәнінің мұғалімі Гүлбаршын Жолдасова.
– Биыл 1-сыныпты алғалы отырмын. Сыныпта 20 оқушы бар. Олардың 19-ының ата-анасы дәстүрлі штаттық оқытуға ниет білдірсе, 1-уі қашықтан оқытпақ. Дәстүрлі оқытылатын оқушылардың 9-ы бірінші топта, ал 10-ы екінші топта. Әрине, ата-аналардың штаттық оқытуға беруінің себебі де жоқ емес. Өйткені бастауышқа енді қадам басқан бүлдіршіндердің қолына қалам ұстатып, әр әріпті жаздыру оңай емес. Ал қашықта оқитын баланың мен үшін қиындығы болмайды деп есептеймін. Әріптерді жазу калиграфиясын бейнеролик ретінде түсіріп жіберетін боламын, – дейді бастауыш сынып мұғалімі Гүлзада Нұрсұлтанова.
Биылғы жылы жалпыға бірдей міндетті оқу қоры арқылы ауданымыздағы аз қамтылған, көпбалалы отбасылар санатына жататын 1257 оқушыға оқу құралдары алынған.
Қазіргі жағдай тек мектепке ғана емес, ата-анаға да сын. Өйткені онлайн оқыту үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан ұстаз тапсырмасының орындалуын ата-ана мықтап қадағалауы керек. Ал білімді ұрпақ тәрбиелеу – барлығымызға ортақ міндет. Сондықтан уақытша қиындықтан жолды бірге іздейік.
Нұрлыбек Мұхамбетияров,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz
Айкерім Қайыпова,
ата-ана:
- Менің ұлым Тілек биыл 1-сыныпқа қадам басқалы отыр. Бұл оның алғашқы оқушылық қадамдарының бірі болғандықтан, әдеттегідей мұғаліммен бетпе-бет кездесе отырып, жүйелі білім алғанын қаладым. Сондай-ақ мектепте оқығанда өзін оқушы ретінде сезінсе деймін. Сондықтан да мектепке кезекші сыныпта штаттық режимде оқуына өтініш білдірдім. Әрине баламның денсаулығы да алаңдатады, дегенмен білімді де толыққанды алғаны дұрыс. Мектепте барлық санитарлық жағдайлар жасалады. Баламды қазірден бастап антисептикті жиі қолданып, қолын жиі жууға, маскамен жүруге үйретіп жатырмын.
Ақгүл Тәжиева,
ата-ана:
-Қызым Əдия Тәжі биыл 4-сыныпқа көшкелі отыр. Елдегі болып жатқан пандемияға байланысты қызымды қашықтықтан оқытуға мəжбүрмін. Баламның амандығы, қауіпсіздігі үшін осылай дұрыс деп шештім. Мектеппен қашықта жұмыс жасай отырып, мұғалімнің берген тапсырмасын орындап, 4-сынып бағдарламасын меңгертуге атсалысамын.