8.10.2020, 15:44
Оқылды: 514

Махамбет атындағы БҚУ ғалымдары жаратылыстану ғылымындағы зерттеулер конкурсында жеңімпаз атанды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың 1 қыркүйегінде Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауын ұсынған болатын.  Қоғамдық өмірдің түрлі саласын қамтыған аталмыш Жолдауда ғылым, білім саласы да ерекше орынға қойылған және аталған саладағы маңызды мәселелерді шешудің жолдары нақты белгіленген.

Еліміздің бұдан былайғы дамуы тек қана ғылымның деңгейімен өлшенетінін ұқтырған қазіргі кезеңде Президентіміз ғылымға басты назар аударуға тиіс екенімізді айқын жеткізді.

Осы орайда М.Өтемісов атындағы БҚУ-дың ректоры, б.ғ.к., қауымдастырылған профессор Нұрлан Серғалиев Президент Жолдауында көтерілген және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің стратегиялық жоспары аясында ғылым саласында атқарылып жатқан жұмыстарға және осы саладағы басты мәселелерге қатысты ғылыми тұрғыдан пікірін білдірген болатын.

 

 

Сергалиев Н фото 2

-Қай жағынан алғанда да біздің ғалымдар отандық экономиканы озық технологиямен байытудың тірегі болары сөзсіз. Солай болуы тиіс те. Біз осы уақытқа дейін өмірлік қажетті үш тіреудің басын біріктіре алмай жүрдік. Білім – ғылым – өндіріс үштігінің басын қосатын нақты заң қабылданып, бұл күндері нәтижелі жұмыс істеп жатыр. Өндірісті дамытушы ғылымды инвестициялаудың халықаралық қалыптағы жүйесі енді біздің ел өміріне де ене бастағаны көпке мәлім. Бұған дейін ғылым «қаражаттан шөліркесе», ғалымдар ашқан жаңалықтар өндіріске жолдама алудан ысырылып келсе, енді ондай тоқырау болмайтын болды. Ғылымды инвестициялаудың бірнеше арнасы жұмыс істей бастады. Мәселен ғылыми-зерттеулер үшін арнайы мемлекеттік мақсатты гранттар бөлу, мемлекеттік тапсырыстар бойынша ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыру, ғылымға бөлінетін қаржыны ғалымдардың өз екшеулерінен өткізе отырып бөлу, ақыр аяғында жекенің капиталын инвестиция ретінде тарту арналары пайда болды. Ашылған жаңалықтарды өндіріске  енгізу ісі жеңілдей түсті. Қазір үкімет деңгейінде жоғары ғылыми-технологиялық кеңес жұмыс істейді. Бұл кеңес салалық ғылыми кеңестердің ұсыныстарын екшеуден өткізеді. Сайып келгенде, бәрінің де мүддесі ғылымды инвестициялау, жаңалықты өндіріске кідіріссіз енгізу жұмыстарын жүйеге түсірген, жемісті ететін бір жаңа арна болғанын айта кету керек. Өткен жылы жас ғалымдар үшін берілетін грантқа 3 млрд теңге қаржы бөлінсе, енді жас ғалымдар үшін 1000 зерттеу гранты бөлінгелі отыр. Оған дәлел «Жас ғалым» жобасының қолға алынатындығы.  Аталмыш жоба аясында бөлінетін мың грант талантты жас ғалымдар үшін өздерінің инновациялық идеялары мен старт-ап жобаларын  жүзеге асыруға зор мүмкіндік берері сөзсіз.

Ғылымды басқару жүйесі жаңа ғылыми идеяларды ұсынатын нақты ғалымдардың,  оның ішінде, бірінші кезекте болашағы бар жас ғалымдардың ғылыми әлеуетін дамытуды қолдау моделіне құрылуы керек. Осы орайда ғылыми зерттеу жүргізу арқылы білім беруге  қадам жасау маңыздылығын ескеру қажет,- деді университет ректоры Нұрлан Серғалиев.

Қазір елімізде ғылым саласында қолға алынған істер аса ауқымды. Тек енді осы отандық ғылымдағы жалпы дамуға әр жалқы жауаптымын деп сезініп жұмыс істеуі керек екені айқын.

Осы орайда университет ғалымдарының ғылыми бағытта қолға алған зерттеу жұмыстары бойынша үлкен нәтижеге қол жеткізгенін айта кету қажет. М.Өтемісов атындағы БҚУ жаратылыстану-география факультетінің ғалымдары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Жаратылыстану ғылымдары саласындағы ғылыми зерттеулер басым бағыты бойынша 2020-2022 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар» гранттық қаржыландыру конкурсына «Батыс Қазақстан су қоймаларының гидробионттары мен микробиомдары жағдайын бағалау және олардың өзгерісін болжау» тақырыбындағы жобасы жеңімпаз атанды. Ұлттық ғылыми кеңес қорытындысы бойынша мақұлданған ғылыми жобаның жалпы сомасы 56,5 млн. теңгені құрайды және  университет ректоры, б.ғ.к., қауымдастырылыған профессор Н.Серғалиевтің ғылыми жетекшілігімен 27 ай бойы биолог, географ ғалымдар Батыс Қазақстан су қоймаларының гидробионттары мен микробиомдарының қазіргі жағдайын зерттейді. Биологиялық бағыт бойынша ғылыми мектепті дамыту шеңберінде жобаны жүзеге асыру барысында университет қаржысы есебінен Қазан федералды университетінің аспирантурасында оқып жатқан жас ғалымдар А.Сарманов пен Е.Султанов аталмыш жобаға қатысады. Сонымен қатар зерттеу жұмысын жүргізуге университеттің магистранттары мен студенттері де тартылады.

Рита Сұлтанғалиева,

М. Өтемісов атындағы БҚУ-дың баспасөз қызметі

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале