1933 жылы мектеп табалдырығын аттаған атам 1941 жылы жетінші класты бітіріп, Орал қаласындағы ауыл шаруашылығы техникумына құжат тапсырады. Бірақ сол жылы соғыс басталып, оқу жайына қалады. Дегенмен 1942 жылы сол кезде атамдар тұратын совхозға (бертін келе бұл шаруашылық «Чапаев» атындағы асыл тұқымды мал зауыты атанды) мал шаруашылығы мектебі (школа животноводов) көшіп келіп, атам осы мектепті бітіріп, кіші зоотехник мамандығын алып шыққан екен.
1943 жылғы қаңтар айында атам әскерге алынып, қан майданға кірмес бұрын әуелі Орынбор қаласында кіші командирлер даярлайтын полктің құрамында біраз уақыт арнайы дайындықтан өтеді. Ал 1943 жылдың қыркүйек айында атам өз қаруластарымен бірге Украинаның Харьков қаласына аттанады. Бұл мезгілде неміс фашистері Харьковты үш рет алып, біздің әскерлер қаланы үш рет жаудан тазартқан екен.
- Бізді Харьковтен Полтава қаласына дейін жаяу апарып, орманның ішіне жасырды. Осы жерде бізді механикаландырылған гвардиялық мотоциклшілер полкіне қосты. Сол бойда сапқа тұрғызып, кімнің барлауға барғысы келетіндігін сұрады. Бірнеше адам қол көтеріп, алға шықтық. Бізді демалуға жіберді. Сол уақытта кіші сержант Нуртилдов деген қазақ жігіті, «Сен келесіде барарсың» деп мені кейінге қалдырды. Сонымен сол жолы жаудан «тіл» әкелуге кеткен біраз жігіттің тек екеуі ғана кейін оралды. Соның біреуі әскерге өзіміздің Есенсай ауылынан алынған Елеусін Ахметов болатын, екінші жігіттің шені аға лейтенант екендігі ғана есімде қалыпты, аты-жөнін ұмыттым. Содан мен біраз уақыт осы полкте мотоциклші болдым...
1944 жылы қаңтар айында Кривоград қаласын алдық. Мен бұл кезде бірінші Украина майданының құрамында барлаушы едім. Біздің полк 5-ші танк армиясының қарауында еді. Күнде түнге қарай жау әскерінен «тіл» әкелеміз. 1944 жылдың ақпан айында бірінші Украина майданы мен екінші Украина майданы қосылып, немістерді қоршауға алу арқылы «Корсун-Шевченко» қоршауына қатысып, жаудың бірнеше дивизиясын жойдық. Одан әрі қарай Молдавияны басқыншылардан азат еттік. 1944 жылғы мамыр айында Румынияны жаудан тазарттық. Жауынгерлік жолымда Минск, Киев қалаларын, Литва, Латвия, Эстония секілді Прибалтика елдерін жаудан азат етуге атсалыстық.
1945 жылы қаңтар-ақпан айларында жаумен Полша аумағында соғысып, 1945 жылдың наурыз айында немістердің өз жеріне кірдік. Кенингсберг қорғанысын сәуір айында фашистер өз еріктерімен берілгенше қоршауда ұстадық. Содан кейін біз Берлинге қарай беттегенде, «Соғыс бітті!» деген қуанышты хабар жетті. Сұрапыл соғыс жылдары мен Өтеген Малаев, Қаби Сарсенғалиев, Хасан Сұлтанғалиев, Елеусін Ахметов секілді өзіміздің өңірдің жігіттерімен бір әскери бөлімде болдым, - деп атам жарықтық әңгімелеп отырушы еді.
Елбасына күн туған шақта ортақ Отанды қорғаудағы жанқиярлық ерлігі үшін Рамазан атам «Ұлы Отан соғысы», «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Кенингсбергті алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» секілді біраз орден-медальмен марапатталған. Сонымен қатар Рамазан атам сол кездегі Кеңес әскерінің Жоғарғы бас қолбасшысы Иосиф Сталиннен бірнеше рет алғысхат алған екен. Бұл алғысхаттар бүгіндері Шағатай ауылдық округінің аумағындағы мектептер мен кітапханаларда сақтаулы.
Атам әскерден туған елге 1948 жылы оралып, соғыстан орасан зор зардап шеккен халық шаруашылығын қалпына келтіруге қызу кіріседі. Біраз жыл тракторшы, есепші болып қажырлы еңбек етеді. 1955-1959 жылдары Оралдағы ауыл шаруашылығы теникумын сырттай оқып бітіріп, зоотехник мамандығын алып шығады. Сосын «Чапаев» асыл тұқымды мал зауытының №4 бөлімшесінде зоотехник болып 3 жыл еңбек еткен атам, содан кейін 1963-1985 жылдары жаңағы кеңшардың №1 бөлімшесі, яғни Қызылжар ауылында зейнеткерлікке шыққанша абыройлы қызмет істейді. Бейбіт күнгі жасампаз еңбегінің нәтижесіндей атам ірі қара мал шаруашылығын өркендетуге қосқан үлесі үшін Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің күміс, қола медальдарымен марапатталады.
Рамазан атам менің үлкен әжем Шамшырақ екеуі 1948 жылдың қараша айында шаңырақ көтеріп, отау құрады. Өкінішке орай, осыдан біраз жыл бұрын бізге бүгінгі ашық аспан, бейбіт күн, жарқын заманды сыйлаған менің майдангер атам өмірден озды. Көңілге бір медеу тұтарымыз, атам бала-келінінің қызығын көріп, немерелерінің де тойларының төрінде отырып, тіпті үш бірдей шөбересін де көріп үлгерді. Шүкір, жасы тоқсанға таянса да. Шамшырақ әжем әлі тың. Біздің әулеттің береке-бірлігі мен ырыс-ынтымағының ұйытқысы болып, арамызда жүре бер, менің алтын әжем!
Мен майдангердің шөбересі болсам да, Рамазан атамды көріп, әңгімесін ести қалдым. «Біз көрген зұлматты жас ұрпақ көрмесін. Сендердің аспандарың ашық, болашақтарың жарқын болсын!» деп отырушы едік, жарықтық.
Бізге бүгінгідей бақытты өмірді сыйлаған барша майдангерге мың алғыс!