29.12.2020, 10:45
Оқылды: 39

Ауылдастардың ауызбіршілігіне ештеңе жетпейді

Жаһанды жаулаған кеселге байланысты карантин шаралары  жұмыр жердегі Қарауылтөбе дейтін біздің шағын ауылымызды да айналып өтпеді. 

ауыз1

Оқшауланулар кезінде әсіресе, мектеп оқушылары мен студенттер, біліктілігін арттыру үшін оқыған мамандар мобильді интернеттің нашарлығынан орасан қиындық көрді. Басқаларын айтпағанда, мектеп оқушылары мен студенттер ауылдың оңтүстік шығыс бетінде тұрған биік  мұнараның (вышка) маңын жағалап, «интернет» қуып кетті. Кейде ауылдан 2-3 шақырымға дейін шығып, табандарынан тозып, далада жаздың аптабында ыстыққа күйіп, салқында суыққа тоңып, ойдай әлекке түсті. Тіпті сол ғаламтор үшін қалаға кетіп, білім алуға мәжбүр болғандары да көп. Осындай мәселенің мән-жайын оңды шешу үшін облыстағы ұялы байланыс басшыларына хат жаздым. Онымен іс біте қоймады. Әлденеше мәрте қалаға аяқтай барып, жағдайды баяндадым. Әрине, мәселенің оңай шешіле кетпейтінін жақсы сезіндім. Алайда ауылдық әкімдіктегі ұйымшыл білікті мамандармен және әрбір қоғамдық жұмысқа ұйымдаса білетін, бізді қолдай жөнелетін ауылдастарымыздың барында бұл жақсылыққа жеткізетінімізге айқын сендік. Осы орайда биылғы Волонтер жылында ауылымыздағы ерікті И.Дастанның материалдық, моральдық көмегі де зор болды. Облыстағы «Beeline» орталығына қатынасхат жолданғанын жоғарыда  айттым. Олар: «Ауылдарыңда  байланыстың тазалығын бұзып тұрған мобильді байланысты өзіне тартып алатын күшейткіш құрылғылар  (усилитель) бар. Егер оны алып тастамасаңыздар қымбат құрылғыларды қондырмаймыз» деді. Бұл жағдайды ести сала ауылдағы WhatsApp желісіндегі топтар арқылы түсіндіру үшін хабарламалар жаздық. Әлгі құрылғыны ауылдағы 26 үй қосып алып, пайдаланып отыр екен. Ауылдастарыма мың рақмет! Олар жақсылыққа үміттене отырып, күшейткіш құрылғыларын дереу ажыратып тастады.

Талапты орындағанымыз туралы байланыс инспекциясына ресми хат жолдадық. Ол мекемеден  мамандар арнайы келіп, байланыстың тазалығын тексеріп, «Beeline» орталығына мәлімдеді. Осы арада бұл байланыс орталығының мамандары қарауылтөбеліктердің ауызбіршілігіне таңданғандарын да жасырмады. Біздің ауылдың басында болған мәселе көп ауылдарға тән екен. Бірақ оны шешуге келгенде сол жерлердегі  халық әр жаққа тартып, ауызбіршілік танытпайтын көрінеді. Мамандар: «Анау құрылғыларды айырып, бізден 4G-ді ұялмай сұрап отырған бірінші ауыл сіздерсіздер» деп мақтап та жіберді. Осындай кезең-кезеңмен жұмыла, ұйымдаса  жүрген жұмыстың нәтижесінде төрт айға жуық уақытта «Beeline-ның» 4G жылдамдықтағы ұялы интернетіне қол жеткіздік. Қазір қаладағы, даладағы студенттер, оқушыларымыз жылы үйінде отырып, ешқайда шықпай-ақ білім алуда. Ауыл тұрғындары да интернеттен алатын керекті ақпараттарын қалта телефоны арқылы әлеуметтік желілерден еркін алып отыр.

Әрине, кейбір жерлерде, кейбір уақыттарда 4G-дің аз-мыз ақаулықтары байқалды. Ол ақаулықтар болашақта жойылады. Байланыс инспекциясының мамандарының айтуынша, біздің ауылға жақын көршілес отырған ауылдардың тұрғындары анау бізде болған күшейткіш қондырғыларын әлі пайдалануда, соның әсері тиіп отырған көрінеді.

Менің айтайын дегенім, «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» дегенді өз ұйымшылдықтарымен көрсеткен қарауылтөбеліктердің бірауыздылығы. Тату болсақ, ортақ іске үнемі жұмылып жүрсек, біз барлық  қиындықтарды  жеңеміз. Жарқын жақсылықтар көп болғай!

 

Жәнібек Әбиров,

Қарауылтөбе ауылдық округінің әкімі,

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале